Қазақстанда бірыңғай медициналық деректер қоры құрылмақ
«Damumed» деректер қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілді. Енді «Е-Денсаулық» жүйесі базасында бірыңғай республикалық медициналық деректер қоры құрылып, медицина ұйымдары арасында ақпарат алмасу жеңілдей түспек. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл үшінші тараптағы қызмет ұсынушылардың медициналық ұйымдарға бәсекелестік негізде тиісті қызметтер көрсетуіне мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
«Damumed» деректер қоры «Даму» АТО» ЖШС-нің иелігінде болған. eGov.kz дерегі бойынша, бұл ЖШС қызметіне бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу кіреді. Құрылтайшылары: Рустам Құсайынов, Наталья Кил, Талғат Елеманов, Арман Кәрібаев пен Арман Ананян.
Бүгінде нарықтың 80%-дан астамын «Damumed» жүйесі қамтиды. Республикалық деңгейде медициналық ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасудың толыққанды тетігінің болмауы нарықта бәсекелестікке жатпайтын жағдайлар туғызып, салдарынан қазақстандық медициналық ұйымдар бір медициналық ақпараттық жүйеден басқасына ауысқанда қиындықтарға кезігіп отыр.
Әлихан Смайылов «Е-Денсаулық» жүйесін құру бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.
«Осы саладағы реттеудің тиімділігін арттыру үшін заңнамалық түзетулер дайындау қажет» деді Премьер-министр.
Былтыр денсаулық сақтау саласының шенеуніктері ауылдардағы медицина саласын жаңғырту ұлттық жобасын әзірлеген. Бұл жоба 4 миллион қазақстандықты қамтымақ.
Жобада ауылдардағы медициналық көмек сапасы қалға қарағанда әлдеқайда төмен екені жазылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы жылдары 655 ауылдық аурухана, дәрігерлік амбулатория немесе фельдшерлік пункт салу қажет. Алдын ала есеп бойынша, ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға жалпы сома 217,6 млрд теңге қажет.