Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен визасыз режимге қатысты: туристердің көбеюіне жол ашады

Жарияланды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қытайдың Сиянь қаласында өтіп жатқан қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде экономикалық ықпалдастығымызды тереңдетуге мүмкіндік беретін бірнеше бағыттарды атады. Соның ішінде елге визасыз кіруге рұқсат беретін құжатқа қатысты өз пікірін білдірді

«Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз», деді Президент.

Сонымен бірге жаңа туристік бағыттар ашылғанын, Қазақстанның 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізілгенін, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілгенін де атап өтті.

Одан бөлек агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты, энергетика саласындағы байланысты нығайту, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру, құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту, туризм саласын дамыту, қаржы саласындағы серіктестікті нығайту мәселелеріне де тоқталды.

Мемлекет басшысы, жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесіна арттыру мақсатында қуаты 1гигаватқа жететін жел электр станциясы салынатынын да айтты.

«Қазір еліміздегі жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі – 4,5 пайыз. Оны 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұр. Тұрғысын өзенінде екінші және үшінші су электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылмақ. Сондай-ақ, 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр стансасын салу туралы келісім-шарт жасалады. Бұл уағдаластықтар Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін» деді Президент.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

Дәл туған күнінде Қытайға мемлекеттік сапармен келген Президентті бірқатар елдердің басшылары құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыз