Қытай мен Қазақстан жүк тасымалдау үшін белгіленген мөлшерде рұқсат бланкілерімен алмасып отырмақ

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барып, екі елдің үкіметтері халықаралық автокөлік тасымалы бағытында өзара әріптестікті дамыту жөніндегі келісімге қол қойды. Енді бұл саладағы алыс-беріс құжаттары толық цифрландырылады.

Негізі, Қытаймен осы саладағы келісім 1992 жылы жасалған. Араға шамамен 30 жыл салып, аталған құжат қайта жаңғыртылды. Бұл жолғы келісімде заман талабы мен экономикалық жағдайлар толық ескерілген. Жаңа келісімге сәйкес жүк тасымалы саласына цифрлы технологиялар енгізіледі.

«Құжатқа сәйкес тараптар жыл сайын белгіленген мөлшерде рұқсат бланкілерімен алмасаады. Бұл жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру үшін қажет. Көлік құралдарына арналған рұқсат құжаттарын тасымалдаушылар келісім жасасқан елдердің жауапты ведомстволарынан немесе оларға бағынышты ұйымдардан алады. Сонымен бірге мүдделі тараптардың өтінішіне сәйкес өзара келісім негізінде қосымша мөлшерде тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерімен алмасуға да болады.», делінген хабарламада.

Бұл құжат құзырлы органның мөрімен және оны берген жауапты тұлғаның қолымен куәландырылады. Электронды форматтағы рұқсат қағазға жауапты тұлғаның электронды цифрлы қолтаңбасы қажет.

Тиісті рұқсатты беру мен оны пайдалану түрі, көлемі, тәртібі және басқа да шарттары туралы шешімді осы келісімнің 17-бабына сәйкес бірлесіп құрылған комиссия қабылдайды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты жүк тасымалы 65%-ға артып, 265 мың тоннаны құраған. Сондай-ақ қытайлық жүктердің транзиттік тасымалы 2,6 есеге өсіп, 1,1 млн тоннаға жеткен.

Қытайға сапары барысында Қ.Тоқаев пен Си Цзиньпинмен қазақ-қытай сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуге уағдаласты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қытайлық туристер үшін Орта Азияда бірыңғай туристік кластер құруды ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз