ERG қытайлық компаниямен бірлесіп брикеттелген темір өндірмек

Жарияланды

Фото: ERG баспасөз қызметі

ERG компаниясы қытайлық BaoWu Resources және Power Construction Corporation of China компанияларымен 2 келісімшарт жасасты. BaoWu Resources-пен жасалған меморандум Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндірісін дамытуды көздейді. Кәсіпорынның жоспарлы жылдық қуаты – 2,5 млн тонна ыстық брикеттелген темір. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.

Сондай-ақ, ERG мен Power China Группа компаниясы да стратегиялық серіктестік туралы келісімшарт жасасты. Тараптар электр энергиясын өндіру саласында әріптесе жұмыс істемек. 

Бұл келісімдер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында жасалған.

ERG бұған дейін де қытайлық компаниялармен серіктесе отырып, индустриалды жобаларды іске асырған болатын. Атап айтқанда, 2007 жылы елдегі жалғыз бастапқы алюминий өндіруші – Қазақстан электролиз зауыты салынып, іске қосылды. Құрылыстың бас мердігері – қытайдың танымал China Non-ferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC) компаниясы болатын.

Одан бөлек, қытайлық компания қазір «Шұбаркөл көмір» АҚ алаңында спецкоск шығаратын жаңа зауыт салып жатыр. Жобаны орындаушы – China Non-ferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC). Зауыт жылына 400 мың тонна өнім шығарады. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция көлемі –  40 млрд. теңге. Кәсіпорын негізгі өнімнен бөлек көмір шайырын, жылына 72 мың тонна көмір майын да өндірмек. Нысан Шұбаркөл кенішіндегі «Д» маркалы көмірді шикізат ретінде пайдаланады.

Сондай-ақ оқыңыз