Инвестор Үлкен Алматы айналма автожолына жұмсаған қаражатын қалай өндіреді?
Фото:
ЕАДБ транспорт және инфрақұрылым дирекциясының аға атқарушы директоры Марғұлан Әбдіровтың айтуынша, Үлкен Алматы айналма автожолы биыл маусым айында пайдалануға берілмек. Қазір құрылысы 50 айға созылған нысанға соңғы техникалық қадағалау жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 743 млн доллар: 78 пайызы – займ қаржысы болса, 22 пайызы – жеке қаражат. Жобаны – Еуропалық даму және қайта құру банкі, Еуразиялық даму банкі және Ислам даму банкі қаржыландырған. Құрылысты түркиялық Alarko Holding және Makyol, кореялық SK ecoplant және Korea Expressway Corporation компанияларынан құралған консорциум жүзеге асырып жатыр. Автожол мемлекет меншігіндегі мүлік болып саналады.
«БАКАД инвестиция және операциялар» мекемесінің басшысы Айман Жанұзақованың сөзінше, ұзақтығы 66 шақырымды құрайтын тасжол ақылы болады және түскен қаржы мемлекет шотына аударылады.
«Төлем Free flow жүйесі енгізілген аркалардан (БАКАД бойында ондай 12 арка бар – ред.) өткен кезде алынады. Онда автокөлікті динамикалық өлшеу жүйесі орнатылған. Бастапқыда еліміздің қазіргі тасжолдарындағыдай шлагбаумдар ұйымдастыру көзделген еді. Бірақ соңында басқару аркалары жұмыс істейтін, жылдамдық шегі де өлшенетін еркін қозғалысы бар жүйені орнату туралы шешім қабылданды. Деректердің барлығы тиісті органға бағытталады», деді Айман Жанұзақова.
Төлемді 3 отандық банк – «Банк ЦентрКредит», Kaspi және Halyk Bank арқылы жасауға болады.
Автожол аумағында 2 метрологиялық станса және 221 камера орнатылған. Алынған деректердің барлығы Ынтымақ ауылы (Алматы облысы) маңында орналасқан операциялық орталыққа жолданады. Ақпарат трасса маңында орнатылған таблода көрсетіледі.
Жалпы, төлем сомасы бекітілген айлық есептік көрсеткішке және транспорт түріне байланысты қалыптасады. Сонымен бірге, БАҚАД-қа іргелес жатқан аудандардың тұрғындары, атап айтқанда, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының тұрғындары белгілі бір артықшылықтарға ие болады. Олар айлық абоненттік төлемді пайдалана алады.
Автожол бойындағы рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 120-140 километр.
Марғұлан Әбдіровтың айтуынша, адамдар мен жан-жануарлардың тасжол бойына шығып кетуін болдырмау үшін айналма жол түгелге жуық қоршалған. Осы артықшылығының арқасында БАКАД еліміздегі алғашқы жоғарғы сыныпты тасжолға айналып тұр. Автожол бойында Ұзынағаш, Бішкек, Шамалған, Комсомол, Талдықорған, Қорғас, Шелек және Талғар бағыттары бойынша 7 транспорттық жолайрығы орналасқан. Автожолдың біраз бөлігінде 6 жолақтық қозғалыс қарастырылған. 43 көпір құрылысы, оның ішінде темір жол көпірі мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері салынған.
Мамандардың есептеуінше, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін 60 пайызға дейін жеңілдетеді. Одан бөлек, Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін артырып, өткізу қабілеті жақсартады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық сауда аясы кеңейеді, транзиттік ағынды Алматы аумағынан шығаруға мүмкіндік береді, нәтижесінде ауаның ластану деңгейі азаяды.
Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі БАКАД-ты қолданысқа беру бойынша Алматыда арнайы брифинг өткізді. Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтиярдың айтуынша, тасжол қарқынды жұмыстардың толық ауқымда жүргізілуіне байланысты мерзімінен ерте пайдалануға берілмек. Енді ол 16 жыл бойы кепілдік мерзімінде болмақ.
«Қазіргі уақытта барлық жұмыстар толығымен аяқталған. Енді тек ақылы жүйені енгізу қалды. Келісімшарттың талаптарына сәйкес мердігер компания жобаны өзі әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Енді инвестор жұмсаған шығынын ақылы жол арқылы қайтаратын болады. Үлкен Алматы айналма тас жолына республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмағанын атап өткен жөн. Алдағы күндері ақылы жолдың қандай мақсатта және қалай жүзеге асатыны туралы арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізбекпіз», дейді.
Жалпы, ЕАДБ Еуразиялық кеңістікте Қазақстанға ерекше назар салып отыр және 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізге 1,2 млрд доллар инвестиция салды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5 есе көп. Банк өнеркәсіп, азық-түлік, транспорт, ЖЭК және қаржы секторында жобаларды жүзеге асырды. Биыл 1,1 млрд доллардан кем емес қаржы бөлуге ниетті. Алматы ЖЭС-3 модернизациясы, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы базасында электр стансасын салу, Жамбыл және Қостанай облыстарында жел электр стансаларын салу қарастырылуда. Жалпы, даму институты 2022-2026 жылдар аралығында елімізге 3,8 млрд доллар құюды жоспарлаған және соның үштен бірі қазірдің өзінде атқарылды.