«Tax free» пилоттық жобасына бірқатар өзгерістер енгізілмек

Жарияланды

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Tax free» пилоттық жобаны іске асыру қағидаларына өзгерістер мен түзетулер әзірледі. Бұл туралы inbusiness.kz сайты мәлімдеді.

Құжаттың 2019 жылғы 15 тамыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2024 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда қолданыста болатыны жазылған.

«Tax free» пилоттық жобасы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында орналасқан стационарлық сауда объектілерінде «Tax free» жүйесінің операторы мен «Tax free» жүйесіндегі сауда қызметінің субъектісі арасында жасалған пилоттық жобасына қатысу туралы шарт негізінде іске асырылады», – деп жазылған құжатта.

Сонымен бірге, жуырда Шымкент қаласының әкімдігі бизнес өкілдерінің пилоттық жобаға қатысуға мүдделілігі мен дайындығын білдірді. Туристік нарықтағы түрлі маршруттар Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд қалалары арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі өтетін Шымкент қаласына тікелей жақын орналасқан «Ұлы Жібек жолының» ірі маршруттарында өтеді.

Осылайша бұл тізімге Шымкент қаласы да қосылды.

Бұдан бөлек сатып алушы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының халықаралық әуежайларының ғимараттарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінен өткенге дейін сатып алушыға ресімделген сатып алынған тауарларды, «Tax free» құжаттарын (чектерін), бақылау-касса машинасының чектерін, шет мемлекет азаматының жеке басын куәландыратын құжатты (төлқұжатты) және отырғызу талонын кедендік тексеруге ұсынады деп көрсетілген.

«Сатып алушы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының халықаралық әуежайларында Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды адамы тауарларды қарап-тексеру рәсімінен және паспорттық бақылаудан өткеннен кейін «Tax free» жүйесінің операторына Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларындағы халықаралық әуежайларының қону аймағында орналасқан «такс фри» арнайы пошта жәшігі арқылы мемлекеттік кірістер органына қарап-тексеру жүргізу туралы (жеке нөмірлік мөрі) белгісі бар «Tax free» құжатын (чегін) ұсынады немесе жеткізудің өзге де тәсілімен (пошта байланысы) жүзеге асырылады», – делінген бұйрық жобасында.

Бұйрық жобасын жария талқылауды өткізу мерзімі 2023 жылғы 8 маусымға дейін.

Сондай-ақ оқыңыз