«ҚазМұнайГаз» бен CNPC мұнай құбырларын кеңейту мәселесін талқылап жатыр

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы «Кеңқияқ-Атырау» және «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырын кеңейту туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарлады.

«Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбырын жылына 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға, ал «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырын жылына 10 миллион тоннадан 15 миллион тоннаға дейін кеңейту жопарланған.

ҚМГ мәліметінше, 2022 жылы «Кеңқияқ-Атырау» арқылы 4,5 миллион тонна, «Кеңқияқ-Құмкөл» арқылы 8,1 миллион тонна мұнай жеткізілген.

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында «ҚазМұнайГаз» мен CNPC мұнай-газ саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойды.

Осы келісімді жүзеге асыру аясында «ҚазМұнайГаз» бен CNPC ресурстық базаны, жұмыс көлемін, жобаны жүзеге асыру мерзімін талқылап жатыр.

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кеңейтуге шамамен 200 миллион доллар жұмсалатынын айтып, алдағы бұл жұмыс алдағы 2-3 жылда бітеді деген.

Оның айтуынша, құбырды кеңейту тасымалданатын мұнай көлемін жылына 20 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның тігінен интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутегілерді барлау мен өндіруден бастап, тасымалдау, өңдеу және мамандандырылған қызметтерді көрсетуге дейін барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. Компания 2002 жылы құрылды, еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүдделерін білдіреді. 

Сондай-ақ оқыңыз