Ресейге салынған санкциялардың кесірі Қазақстанның телекоммуникация нарығына тимей ме?

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

«Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов Ресейге қарсы санкциялар қазақстандық телекоммуникация нарығына тиіп кетпес үшін атқарылып жатқан шараларды айтты.

«Географиялық тұрғыдан алғанда, аплинк ретінде Ресей Федерациясының операторлары белгілі себептерге байланысты басымдыққа ие болатындай етіп орналасқан. Ресей байланыс операторларына түрлі сакциялар салынуы мүмкін екенін түсініп отырмыз», – деді Мейірманов «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, 2022-2023 жылдары санкция тәуекелдерін азайту мақсатында «Қазақтелеком» транзиттік байланыс операторларының қызметінен бас тартқан.

«Осы мақсатта интернет-компаниялар трафикпен алмасатын ең ірі дата-орталықтар Гонконг пен Франкфуртте қатысу түйінін ұйымдастырдық. Microsoft, Google, Netflix, Amazon компанияларымен тікелей пиринг құрдық. Гонконг пен Франкфурттағы барлық маршруттық ақпаратқа иелік ететін Tier 1 операторымен байланыс орнаттық», – деді Қазақтелеком өкілі.

Екінші қадам – Netflix, TikTok және т.б бейнеконтентті қоса алғанда, Қазақстандағы ең ірі интернет-компаниялардың инфрақұрылым көлемін оқшаулау.

«Үшіншісі – қазір қорда талқылап жатқан үлкен жоба, бұл балама жолдарды пайдалану. Атап айтқанда, Әзірбайжан арқылы жаңа арна ұйымдастыру мәселесі», – деді ол.

Каспий теңізі түбімен Қазақстаннан Әзрбайжанға 340 шақырым талшықты-оптикалық кабель өткізілмек.

Транскаспий каналының негізгі бағыты Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазанына дейін өтеді және 340 шақырымнан асады. Сонымен қатар ұзындығы 330 шақырымға жуық резерв желі қазақстандық Құрық портынан Баку маңындағы Бузовна пунктіне дейін салынады.

Қазіргі уақытта HLD (high-level design) жоғары деңгейлі дизайны әзірленді, толық ақпаратты қамтыған жол картасы бекітілді, қазір зерттеу жұмыстары аяқталуда. Каспий түбімен «оптика” тартатын құрылыс жұмыстарын тепе-тең негізде Қазақстан-Әзірбайжан бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады деп күтілуде.

Транскаспий жобасы Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды, өйткені оны іске асыра отырып, ел халықаралық трафикке қосымша шығу жолын және Азия елдерінен Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға ие болады, әрі қарай Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға шығады.

Сондай-ақ оқыңыз