НАТО әскерімен қақтығыс болған Косовода жағдай шиеленісті
Косовоның солтүстігінде этникалық сербтер НАТО күштерімен қақтығысты. Жағдай әлі де өзгерген жоқ, шиеленіс жалғасып жатыр.
Косовоның солтүстігінде этникалық сербтер НАТО күштерімен қақтығысып, нәтижесінде 50-ге жуық наразылық білдірген сербтер мен КФОР миссиясының 30-ға жуық сарбазы жараланды.
ЭФЭ агенттігінің хабарлауынша, бүгін түске дейін Лепосавич және Звенкан қалаларына броньдалған машиналар қойылып, онда Косово арнайы полициясының жасақтары орналастырылады. Сонымен қатар, Солтүстік Косоводағы төрт қауымдастықта, соның ішінде Звенкан қалалық әкімшілігінің алдына сол күні таңертең НАТО-ның Косово күштерінің (КФОР) жауынгерлері орналасады.
Біраз уақыт өткен соң мұнда наразы топтар жинала бастайды.
Бұған дейін Косово полициясы мен КФОР Звекан, Лепосавич, Зубин Поток және Косовска Митровица елді мекендеріндегі жергілікті атқарушы орган ғимраттарын қоршауға алған еді. Алайда Звечан елді-мекенінде сербтер қоршауды бұзып, кіруге тырысқан. Салдарынан екі тарап қақтығысып қалды.
Косовоның солтүстігіндегі жағдай өткен аптада Косово арнайы жасақтары жергілікті үкімет ғимараттарын бақылауға алған соң ушыға түсті. Бұл жерде негізінен сербтер тұрады. Әскерилер дыбыстық гранаталар мен көзден жас ағызатын газ қолданады. Жергілікті сербтер сәуір айының соңында муниципалдық сайлауда сайланған жергілікті әкімшілік басшыларына қарсы бойкот жариялаған. Осылайша сербтер косоволық албандардың жұмысқа орналасуына жол бергісі келмей, қарсылық көрсете бастаған болатын.
Сербия президенті Александр Вучич Косоводағы күрделі жағдайға байланысты ел әскерін жауынгерлік әзірлікке келтіруге бұйрық берді. Әскери бөлімдер Сербия мен Косово автономиялық провинциясы арасындағы әкімшілік шекараға жіберілді.