Абоненттік төлем құны қымбаттаса, табысы төмен қазақстандықтарға өтемақы төленеді
Фото: kursiv.media
Абоненттік төлем құны қымбаттаған жағдайда, табысы төмен қазақстандықтарға өтемақы төленеді. Мұндай құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
Құжатқа сәйкес табысы төмен қазақстандықтарға телекоммуникация қызметтеріне абоненттік төлем құны көтерілсе, өтемақы төленеді. Тиісті бұйрықты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті дайындады.
Өтемақы тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға берілетін төлемге кіреді. Бұл төлемді алу үшін азаматтарға жазылымды растайтын құжат керек. Ол телекоммуникация қызметтерімен жасалған келісімшарт немесе түбіртек-шот болуы мүмкін. Сол құжаттарымен тұрғылықты жері бойынша өкілетті органға хабарласады.
Ал өкiлеттi орган әр айдың бесiне қарай өткен ай үшiн өтемақы төлеуге кететін қаражатты есептеп, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жауапты органға жiберіп отырады.
Ақпан айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіг ұялы байланыс операторларының бағаны көтере отырып, абоненттер талап етпеген қызмет көлемін таңу жағдайларын жою үшін байланыс саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар әзірлеген. Атап айтсақ, ұялы байланыс операторларына негізі бар шығындар аясында байланыс тарифі жоспарының құнын арттыру жайын қоспағанда, шарттарын өзгертуге тыйым салуы туралы ұсыныс жолдаған.