Иран шілде айында ШЫҰ мүшелігіне өтеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Иран ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) толыққанды мүшесі болады. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиан мәлімдеді.

«Иранның ШЫҰ-ға мүшелігі түпкілікті түрде жаз айларында бекітіледі. ШЫҰ-ға мүше елдер өткен аптада Қырғызстандағы жиында шешім қабылданды. Иран президенті Раисидің қатысуымен Иранның ШЫҰ-ның тұрақты мүшесі болғаны жарияланады», деді Иран Сыртқы істер министрі Амир Абдоллахиан.

Нақтырақ айтатын болсақ, Иран Дели декларациясы бойынша мүшелікке шілде айында өтеді. Бұл жайлы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш айтқан.

«Иранның ШЫҰ-ға толық форматты қосылуы Саммиттің ерекше шешімі ретінде көрініс табады. Иранның кіруі 3,2 млрд. тұрғынды біріктіретін Еуразия аумағының 2/3 бөлігін құрайтын жауапкершілік аймағын кеңейтеді. Бұл жер бетіндегі халықтың 45%-ын қамтитын мәдениеті бай, жарқын дәстүрлері мен әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірін өндіретін экономикалық әлеуеті бар аймақты құрайды», деді министрлік өкілі.

2022 жылы 15 қыркүйекте Иран ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу үшін Самарқандта өз міндеттемелері туралы меморандумға қол қойды, ал 27 қарашада ұлттық парламент Иранның ұйымға кіруі туралы заң жобасын қабылдады.

ШЫҰ – 2001 жылы құрылған халықаралық ұйым. Оған Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан қатысады. Бақылаушы елдер – Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия, әріптес елдер – Армения, Әзірбайжан, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка.

ШЫҰ-ның кезекті саммиті Үндістанның төрағалығымен 2023 жылғы 4 шілдеде өтеді
Шілдеден бастап Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық етеді.

Сондай-ақ оқыңыз