Қазақстан инвесторлары Түркиядағы жобаларға 1,1 млрд доллар қаржы салды

Жарияланды

Түркиядағы сайлау жаһандық саясаттағы ең көп талқыланған ірі саяси оқиға болды. Елді 2014 жылдан бері басқарып келе жатқан Реджеп Тайып Ердоған қайта сайланды. Оны ұлықтау рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барып қатысты. Түркия – Қазақстанның маңызды сауда серіктесі және белсенді инвесторларының бірі. Былтыр елдер арасындағы өзара сауда айналымы 54 пайызға өскен.

Соңғы үш жылда Қазақстанның жетекші сауда серіктестері тізімінде 6-дан 4-ші орынға көтерілді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының 4,7 пайызын иеленіпті. 2022 жылы елдер 6,3 млрд доллардың тауарын алмасқан.

Сауда-экономика қатынастарында Қазақстан үшін Түркия ең бірінші кезекте – біздің тауарды сатып алушы, содан кейін барып – жеткізуші. Сауда қатынасының төрттен үшін қазақстандық экспорт (74,9 пайыз) құрайды. Былтыр әртүрлі тауарларды сата отырып Түркиядан 4,8 млрд доллар алдық. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60,3 пайызға көп.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, сәйкесінше Түркиядан импорт та өскен. Қазақстан туыстас елден 1,6 млрд доллар сомасына 316 мың тонна (+39,3 пайыз) тауар сатып алған.

Экспорт құрылымы бойынша Түркияны Қазақстанның тек шикізаттық тауарлары ғана қызықтырады. Қазақстан экспортының 70,3 пайызын (3,3 млрд доллар) мұнай және мұнай өнімдері еншілейді. Былтыр Түркия Қазақстанның қара алтынын сатып алуды арттыра түскен.

«Ресей мен Украина арасында тұтанған соғыс өрті салдарынан әлемдік сауда тізбегі бұзылып, салдарынан Түркия өзінің ЕАЭО-дағы көмір жеткізушілерінен айырылып қалды және бұл орайда Қазақстаннан сатып алуға ниет танытты. Кеден статистикасы көрсетіп отырғандай, былтыр қаңтар-желтоқсанда Түркияға жөнелтілген көмір экспортының көлемі 58,2 пайызға, ақшалай 4 есе өскен», деп дерек келтіреді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ аналитиктері.

Сонымен қатар Түркия біздің түсті металдарымызды да белсенді сатып алады. 2022 жылы бұл ел бізден мырыш, мыс, алюминий және қорғасын алды. Экспорттың жиынтық көлемі 1 млрд доллардан асты (2021 жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға артық).

Біз Түркиядан негізінен өңделген өнеркәсіп өнімдерін сатып аламыз – киім-кешек, тоқыма бұйымдары, иірілген жіп, жіп, мата, аяқ киім, кілем, дәрі-дәрмек, парфюмерия, жиһаз, сөмке, өнеркәсіптік құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығына арналған машиналар және басқа да қосылған құны жоғары тауарлар. Былтыр ел тұрғындары түрік тауарлары үшін 459,6 млн доллар жаратқан: 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2005-2022 жылдар аралығында түрік компаниялары Қазақстандағы жобаларға 4,5 млрд доллар инвестиция құйған. Қазақстан инвесторлары түрік жеріндегі жобаларға 1,1 млрд доллар қаржы жұмсаған.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында Түркияның қатысуымен 5 мыңнан астам компания тіркелген. Түркиялық инвесторларды біздің елде әсіресе сауда және құрылыс секторы қызықтырады. Аталған салаларда 1,6 мың және 1,4 мың түркиялық заңды тұлға тіркеліпті. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіп (393), қонақүй және ресторан бизнесі (319) және эксперттік қызмет (158) салаларында да түркиялық кәсіпкерлер белсенді жұмыс істеп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз