Шаруаларға дизель отыны арзанға сатылып жатыр – Энергетика министрі

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Шаруаларға дизель отыны автожанармай құю станциясындағы бағадан 31%-ға төмен сатылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Министрдің айтуынша, былтыр көктемгі егіс жұмыстарына 400 мың дизель отыны, ал биыл 419 мың тонна бөлінген.

«2023 жылы Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері әкімдіктермен және «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп, біркелкі жеткізу графигін дайындады. Былтыр айына 20 мың тоннадан 152 мың тоннаға дейін ауытқыса, биыл айына 81 мың тоннадан 117 мың тоннаға дейін біркелкі жеткізілді», – деді министр Үкімет отырысында.

Алмасадам Сәтқалиев атқарылған жұмыстың нәтижесінде жанар-жағармай құю станцияларына көбірек дизель отынын жіберуге мүмкіндік бар екенін айтты.

«Егін егетіндер үшін дизель отынының бағасы 1 тонна үшін 222 мың теңге немесе 1 литр үшін 184 теңге. Дизель отынын жеткізу бойынша операторлардың шығынын ескерсек, онда егіншілерге жеткізу кезіндегі орташа баға 1 литр үшін 204 теңге болады. Бұл автожанармай құю станциясындағы бағадан 31%-ға төмен», – деді Сәтқалиев.

Сондай-ақ Ауыл шуаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген дизельдің бағасын айтып өтті.

Айтуынша, ақпан-маусымда шамамен 419 мың тонна дизель бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мың тонна көп.

«Энергетика министрлігімен бірлесіп облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекітудің тиісті гарфигі жасалды және мұнай өңдеу зауыттары бекіткен баға тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болды. Дизельдің шекті рұқсат етілген бағасының өсуіне қарамастан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін баға өзгеріссіз қалды», – деді Қарашөкеев.

Сондай-ақ оқыңыз