Алматыда ХВҚ өңірлік орталығын ашу жоспарланып отыр
Бұл мәселе 6 маусымда, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланшемен келіссөз барысында талқыланды.
Тараптар ағымдағы ахуалды және ел экономикасының нақты, бюджеттік, қаржы секторларын дамыту жөніндегі шараларды, Қазақстанның орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатының басымдықтарын, Мемлекет басшысы жариялаған құрылымдық реформаларды жүргізуді, сондай-ақ климаттың өзгеруінен болатын зардаптарды жоюға бағытталған шараларды егжей-тегжейлі талқылады.
Премьер-Министр Қазақстан мен Қор арасында кең ауқымды экономикалық мәселелерді қозғайтын тығыз байланыстар орнатылғанын атап өтті. Атап айтқанда, республиканың қаржы секторын кешенді бағалау қарқынды жүріп жатыр, жақын арада Алматы қаласында Кавказ, Орталық Азия елдері және Моңғолия үшін әлеуетті дамыту жөніндегі ХВҚ өңірлік орталығын ашу жоспарланып отыр.
«Қазақстан мен ХВҚ арасындағы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығаруға болатынына сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.
Өз тарапынан Николя Бланше Қазақстан экономикалық саясатты, оның ішінде бюджет және қаржы секторларын нығайтуда елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті.
«Биыл экономикалық белсенділік өте жоғары. Біз инфляцияның төмендеп жатқанын байқадық және оны біртіндеп бақылауға алу үшін Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған түбегейлі шараларды атап өткіміз келеді. Соңғы үш жылда Қазақстан көптеген сілкіністерді бастан өткерді, соған қарамастан қиындықтарға төтеп бере алғанын көріп отырмыз», — деді Николя Бланше.
Ол Халықаралық валюта қоры даму реформаларын іске асыруда Қазақстанды одан әрі қолдауды жоспарлап отырғанын айтты.
«Біз Қазақстанмен қатар бүкіл өңірге қолдау көрсете алатын осындағы Әлеуетті дамыту орталығының жұмысын жандандыра отырып, түрлі жолдар мен форматтар арқылы сіздердің елдеріңізбен стратегиялық әріптестікті дамытуға дайынбыз», — деді Николя Бланше.