AIX Абу-Даби-дағы Tabadul цифрлық айырбас сауда орталығына тіркеледі

Жарияланды

Фото: AIX баспаөз орталығы

Астана халықаралық биржасы (AIX) Абу-Даби қор биржасымен (ADX) келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес AIX Tabadul цифрлық айырбас сауда орталығына тіркеледі.

Tabadul Digital Exchange сауда орталығы арқылы екі биржаның брокерлері қашықтан саудаласуға мүмкіндік алады. Яғни ADX және AIX-тің инвесторлары сауда нарығында лицензиясы бар брокерлер арқылы тікелей сауда жасайды.

«AIX-тің стратегиялық мақсаттарының бірі  – халықаралық экспертиза мен халықарылық қор нарығының мәдениетін Қазақстанға әкелу және нарыққа шетелдік инвесторларды тарту. Өз кезегінде, бұл келісім Қазақстандық инвесторларға жаңа мүмкіндіктерді ашады, және нарыққа қатысушыларға арналған құралдарды кеңейтеді: жеке инвесторлар лицензиясы бар брокерлер арқылы екі биржада да сауда жасай алады. ADX пен AIX арасындағы сауда қатынастары AIX-тің мақсаттарына сай келеді және Қазақстан мен Парсы елдері нарықтарының арасындағы байланысты нығайта түседі», дейді AIX басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсел Мұқажанова.

ADX 2022 жылдың шілдесінде іске қосқан Tabadul хабы – өзара саудаға қол жеткізуге бағытталған алғашқы аймақтық цифрлық хаб саналады. AIX-тің бұл хабқа қосылуы инвесторлардың басқа нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

«Біздің AIX-пен серіктестігіміз нарықтық байланыстарды дамытуға және сауданы өзгертуге деген міндеттемемізді нығайтады. Біздің ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңі басталғалы тұр,  және бұл ынтымақтастық нарықтың тиімділігін арттыруға және жаһандық деңгейде дамуға мүмкіндік береді», деді ADX басқарма төрағасы Абдулла Сәлем Әлнуайми.

Tabadul-дағы бағалы қағаздар тиісті биржаның жергілікті валютасында, ал кейбір жағдайларда саудаға түсетін активтің көрсетілген валютасында саудаланатын болады, бұл ретте ордерлер үшін ең төменгі сома белгіленбейді.

Сонымен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңынан бүгін ITS жаңа биржасы ашылып, жұмыс істей бастады. Алайда бұл биржа ресейлік брокерлермен жұмыс істемейді.

Сондай-ақ оқыңыз