Абай облысындағы өрт салдарынан эвакуациялық орталықтар ашылды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Абай облысы әкімдігінің баспасөз орталығы өңірдегі орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Бүгін түнде Бородулиха кентіндегі орта мектеп пен Островский атындағы базада эвакуациялық орталықтар ашылды. Успенское, Поднебесное және Барышевка халқы туыстарына эвакуацияланды», делінген хабарламада.

Жалпы елді мекенді қорғауға 122 адам мен 30-дан астам техника жұмылдырылған. Ал ормандағы өртті сөндіруге 462 адам, 70 техника және 4 тікұшақ қатысуда.

Өткен тәулікте тікұшақтар көмегімен жалпы 12 рет көлемі 30 тоннаны құрайтын су құйылған.

Жағдайды таңғы 6.30-дан бері Ми-2 тікұшағы арқылы облыс әкімінің орынбасары әуеден бақылау жүргізуде. Сонымен қатар апат орнына жұмысты үйлестіру үшін Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков келді.

Кеше Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Бородулиха ауданымен шекара маңында орналасқан Батпаев орман шаруашылығында өрт шықққанын хабарлады.

Бұған дейін 22 мамырда Ресейде тұтанған өрт «Семей орманы» табиғи қорығын шарпыған болатын.

«Семей орманы» табиғи резерватындағы өрттің оқшауланғаны туралы 26 мамырда облыс әкімдігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз