ЖОО-ға түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдары жарияланды
Фото: kursiv.media
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы 2023-2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдарын жариялады.
Шекті балдар өзгермеген. «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл жинау керек, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласына кемінде 70 балл керек. Ал «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринарияға» түскісі келетіндер кемінде 60 балл алуы тиіс. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. Әр пән бойынша шекті балл – 5 баллды құрайды.
Елімзде 2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО-лар ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілей алады.
Ұлттық тестілеу орталығы жыл сайын талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында еліміздің барлық жоғары оқу орнының шекті балдарын ортақ тізімде ұсынады. Бұған қатысты толық ақпарат оқу орындарының веб сайттарында орналастырылады.
ҰТО директоры Руслан Емелбаев ата-аналарға оқу орнын таңдамас бұрын, оның шекті балы туралы біліп алуын ескертті.
«Мысалы, бір түлек математика пәнінің мұғалімі болғысы келетін болса, ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе ЕҰУ-дың ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Сіздер білетіндей, «Педагогикалық ғылымдарға» шекті балл кемінде 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Алайда, бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек, түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеу керек. Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуі тиіс», деді.
2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жақын уақытта жарияланады.