Алдымен басымдық ірі ауылдарға беріледі – министр

Жарияланды

Қазақстанда болашағы бар 3,5 мың ауыл бар. Алдымен оларға басымдық беріп, кейін шағын ауылдарға назар аударамыз. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Оның айтуынша, елімізде өңірлерді дамытудың стандарт жүйесі бар.

«Ол сапалы. Біз болашағы бар барлық ауылды ең төменгі стандартқа дейін көтеруіміз керек: инфрақұрылым тарту, жол салу, жөндеу және тағы басқасына қатысты. Мұндай 3,5 мың ауыл бар. (Бұл жақтан) халықтың, әсіресе жастардың кетіп жатқаны түсінікті. Урбанизация жүріп жатыр. Бір-біріне жақын орналасқан ауылдар ауылдық округтерге біріктіріледі. Барлық ірі ауылды ең төменгі стандартқа жеткізгенде шағын ауылдарға назар аударамыз», – деді министр.

Әлібек Қуантыровтың пікірінше, әкімдіктер болашағы бұлыңғыр ауылдарды қолдауға тиіс.

«Әсіресе шекара маңындағы ауылдарға ерекше назар аудару керек. Оларға мүмкіндігінше адами капиталды тартып, жұмыс орындарын ашу қажет», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз