Геосаяси шиеленіс салдарынан әлемдік экономиканың бөлшектену қаупі бар – ДСҰ басшысы

Жарияланды

Астана халықаралық форумында Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала  Геосаяси шиеленіс салдарынан әлемдік экономиканың бөлшектену қаупі бар екендігін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Біз геосаяси шиеленіс салдарын Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) қызметінде сезініп отырмыз. Бұл ретте мамандар бөлшектену қаупі жайында жиі айта бастады. Жаһандық сауда жүйесінің бөлшектену қаупі бар. Менің ойымша, бұл қазіргі көпжақты сауда жүйесі алдында тұрған ең маңызды мәселе», – деді Нгози Оконджо-Ивеала.

Оның сөзіне қарағанда, осы сын-қатер жаһандық жалпы ішкі өнімнің төмендеуіне әкеліп соғады.

«Сауда саласындағы мәселелерге өте сақ болған жөн. Өйткені, әлемдік сауда жүйесі бөлшектеніп кетсе, оның салдары тым қауіпті. Егер әлем екі сауда блогына бөлінсе, бұл нақты жаһандық жалпы ішкі өнімнің 5% көлемінде жоғалуын білдіреді деген болжам бар. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің 2008–2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде тап болған шығынынан арттық, яғни ол кездегі шығын 2% – 2,5%-ын құрады», – деді Нгози Оконджо-Ивеала.

Сондай-ақ оқыңыз