Таиландта демалған Павлодар тұрғынынан денге безгегі анықталды
Ер адам безгекті масаның шағуы арқылы жұқтырған. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.
Денсаулық сақтау басқармасы 37 жастағы павлодарлық облыстық ауруханаға 38 градусқа дейінгі температура, бөртпе, ентігу, әлсіздік, летаргия, балтыр бұлшықетінің, буындардың ауырсынуы секілді шағымдармен келгенін хабарлады.
«Науқас бір апта бойы үйінде ауырған. Амбулаториялық кезеңде емдеу нәтиже бермеген соң инфекция бөліміне жүгінді. Тексеру кезінде инфекционист дәрігерлер әрдайым басқа елдерге барған-бармағанын сұрайды. Жігіт осы жақында ғана Таиландтан келген, оны жәндік шағып алыпты. Ер адам шұғыл ауруханаға жатқызылды, клиникалық және аспаптық зерттеу жасалды. Диагноз – денге безгегі. Алтыншы күні науқас айығып, үйіне оралды», – деді аймақтың ДСБ.
Ведомство Павлодар облыстық ауруханасында науқастарды толық тексеру және емдеуге қажет барлық нәрсе бар екенін, дәрігерлер үнемі біліктілігін арттыратынын, шетелдік немесе жергілікті инфекциялардың кез келген түріне дайын екенін атап өтті.