Қымбат мүлік иелері көбірек салық төлейді

Жарияланды
Фото unsplash

Фото: kursiv.media

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі көбейтілген салық құнына қатысты бір шешімге келді. Енді 50 миллион теңгеден асатын көлік иелері мен 10 және одан да көп пәтері барлар көбейтілген салық төлейтін болады. Бұл туралы Сенатта вице-министр Азамат Әмрин мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Онда қымбат мүлік иелеріне салынатын салық көлемін арттыруға қатысты түзетулер енгізіледі. Әмрин салықтың жеке түрі пайда болмайтынын, қолданыстағы салық түрлері тек акциздер арқылы, мүлік салығы арқылы толықтырылатынын айтты.

Атап айтқанда, мүлік салығында салық салудың прогрессивті шкаласын енгізу ұсынылып отыр. Құн неғұрлым жоғары болса, соғұрлым мөлшерлеме 0,01-ден 1,5% -ға дейін жоғарылай бермек. Сонымен қатар, ондаған пәтері бар қазақстандықтар да ұлғайтылған салық төлей бастайды.

«Он және одан да көп пәтері бар азаматтардың санаттары үшін мүлік салығы жиынтықта қарастырылады, тиісінше ол әлдеқайда жоғары болады, яғни салық ұлғаяды деп есептейміз», деді вице-министр.

Люкс көлік иелерін де өзгеріс күтіп тұр. Бұл орайда Ұлттық экономика министрлігі 50 миллион теңге шегін белгілеуді жоспарлап отыр. Көлік қымбат болған сайын, оған салынатын салық та өседі.

«Егер автокөліктің нарықтық құны осы шекті мәннен асып кетсе, акциздер арқылы қосымша салық салынады», – деді вице-министр.

Министрлікте сондай-ақ жеке ұшақтар мен яхталары бар азаматтарға салық салу қарастырылып жатыр. Азамат Әмрин іс жүзінде олардың иелері қазынаға 13 мың теңге ғана салық төлеген жағдайлар бар екенін айтты. Ал бұл мүліктің құнымен салыстыруға келмейді.

«Біз бұл жағдайды түзетеміз, яғни яхталар мен ұшақтарға салынатын көлік салығын көтеріп, көбейтеміз», деп сендірді вице-министр.

Салық ставкаларының көтерілуі алкоголь мен темекі өнімдерінің қымбат түрлеріне де өз әсерін тигізеді. Бүгінде алты миллион теңгеге дейінгі алкогольдік ішімдіктер үшін қазақстандықтар небәрі 714 теңге салық төлейді. Жаңа кодекс қабылданғаннан кейін бұл сома да айтарлықтай көтерілмек.

Сән-салтанатқа салық енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет екені туралы өткен жылдың 1 қыркүйегінде халыққа жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Бұл салық орта тапқа әсер етпейді деп болжанып отыр.

Салықтан жалтаруға тырысатын байлар бұл жаңалықты қалай қабылдар екен?! Өйткені Қазақстандағы ең дәулетті адам – Владимир Ким мүшелік ететін KAZ Minerals тобындағы «KAZ Minerals Aktogay» 8 млрд теңге салықтан жалтарған.

Сондай-ақ оқыңыз