Жыл басынан бері мемлекеттік бюджет кірісі 8 трлн, шығысы 9 трлн теңгені құрады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Осы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңгеден аса кіріс түсті немесе жоспар 103,0%-ке орындалған. Бұл жайлы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

«Республикалық бюджетке 5,4 трлн теңге түсіп, жоспар 93,8%-ке орындалды. Атқарылмаған бөлігі 355 млрд теңгені құрады.. Салықтар бойынша жоспардың 400 млрд. теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», деді Қаржы министрі.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 128,9%-ке атқарылып, 2,6 трлн теңгені құраған. Министр жоспардың 590 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 548 млрд теңгеге асыра орындалғанын айтты. Жалпы, кірістер бойынша жоспар Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде асыра орындалған.

Ал шығыстар туралы айтатын болсақ, республикалық бюджет бойынша 9 трлн теңгеге шығыстар жүргізілген.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,8%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,9%-ке атқарылды. Атқарылмау 109 млрд теңгені құрады, оның ішінде 21 млрд теңге -үнемдеу, игерілмегені – 88 млрд теңге», деді Жамаубаев.

Қаржының толық игерілмеуін министр конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуімен, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерінің ұзақтығымен, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауымен және есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауымен түсндірді.

Ал жергілікті бюджеттің шығысы 4,4 трлн теңгені құрап,атқарылмай қалғаны – 47 млрд теңге болған. Осы жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Соның аясында 1 маусымға 641 млрд теңге бөлінген. Оның 97,8%-і игерілген. Игерілмегені – 14 млрд теңгені құраған. Министрдің айтуынша, ең көп игерілмеу Астана қаласы мен Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарында қалыптасқан.

Министр 55 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталғанын, олардың барлығына аудиттік тексеріс жүргізілгенін айтты.

«Осы жылдың 5 айында камералдық бақылаумен 6,2 трлн теңгеге 209 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 31 550 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 91% орындады. 902 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен бюджет қаражатының шамамен 383 млрд теңгесі қамтылды. Шамамен 55 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды», деді Қаржы министрі.

Сондай-ақ оқыңыз