Елімізде өңделген тауарлар экспорты 8 млрд долларға жетті – Әлібек Қуантыров

Жарияланды
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров / primeminister.kz

Ел экономикасы өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 4,5%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.
Оның ішінде нақты сектордағы өсу 3,6%, ал қызмет көрсету саласындағы өсу – 4,9% құрады.
Министрдің айтуынша, құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс саласында оң динамика байқалады.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 17,2%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалау – 56,1%-ке, ауыл шаруашылығы – 30,8%-ке, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 3%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 15,7%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 13,4%-ға және өңдеу өнеркәсібінде – 2,8%-ға өсті», – деді Қуантыров.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстарында байқалды. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылдың қаңтар-сәуірінде сыртқы сауда тауар айналымы 11,1%-ға өсіп, 44,4 млрд долларды құрады.

«Экспорт 25,5 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 7,5%-ға ұлғайып, 8 млрд долларға жетті», – деді министр.

Айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,3%-ға өсті. 15 өңірде көрсеткіш артқан. Соның ішінде Алматы қаласы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында жоғары өсім бар.

«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 31,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,8%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 37,8%-ға өсуі қамтамасыз етілді», – деді Ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ экономикалық өсім азық-түлік өндірісі, мұнай өңдеу өнімдері, құрылыс материалдары, сусындар өндірісі, пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсібі саласында да байқалады.
Айтуынша, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,3%-ға жоғарлады. Мұнай өндіру – 2,4%, газ өндіру – 1,3%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 20%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 0,5%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 7,3%, көмір өндіру – 8,5%-ға төмендеді.

Ал құрылыс-монтаждау жұмыстары Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында артқан. Биыл бес айда 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 15,4%-ға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысында байқалды.

Сондай-ақ оқыңыз