ҚТЖ сексеннен аса қызметті Бәсекелестікті қорғау агенттігінің келісімінсіз жүргізген

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ компаниялар тобының 42 ұйымның 424 қызметіне мониторинг жүргізіп, бұзушылықтар анықтады.

Тексеріс нәтижесінде 42 компанияның ішінде 14 компания мониторингпен қамтылмағаны, оның ішінде 7-і Қазақстан Республикасының резиденттері емес, 7-і акциялардың 50%-дан аспайтын үлесі бар бірлескен кәсіпорындар болып шыққан.

«Осылайша, талданған 424 қызмет түрінің 81-і Агенттіктің келісімінсіз жүзеге асырылып келгені анықталды. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін Агенттік ҚТЖ және оның ұйымдас компанияларына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама нормаларын бұзуды тоқтату туралы 19 ұйғарым шығарды», делінген хабарламада.

Агенттік ҚТЖ, «Кедентранссервис» АҚ, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС, «Қазақстанның көлік холдингі» ЖШС, «KTZ Express» АҚ, «KTZ EXPRESS SHIPPING» ЖШС, «Теміржолсу» АҚ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС, «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС, «Порт Құрық» ЖШС келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыруды тоқтату немесе оларды белгіленген тәртіппен келісу туралы ұйғарым шығарды.

Мұндай тексеру әлеуметтік саланың 251 мемлекеттік кәсіпорнына да жүргізілген. Мониторинг аясында 59 субъектінің іс-әрекеттерінен бұзушылықтар анықталған.

2023 жылға арналған жоспарларға сәйкес мұндай жұмыс «Самұрық-Қазына» АҚ-ға кіретін жекелеген кәсіпорындар бойынша да жалғасатын болады, олардың ішінде «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС, «Самұрық Қазына Бизнес Сервис» ЖШС, «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бар.

2022 жылы мемлекеттің кәсіпкерлікке негізсіз қатысуын қысқарту жөніндегі кезекті шара ретінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне квазимемлекеттік кәсіпорындардың мониторингі бойынша құзырет берілген. Мониторинг жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту және өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу тұрғысынан квазимемлекеттік компаниялар қызметінің жүзеге асырылатын түрлері салыстырылады.

Сондай-ақ оқыңыз