Абай облысындағы өртке байланысты экология министрі жауапқа тартыла ма?

Жарияланды
Фото: Facebook.com/zulfiya.suleimen

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы алапат өртке байланысты экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жауапқа тартуға қатысты пікір білдірді.

«Қазір прокуратура Абай облысындағы өртке қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Оның аясында барлық кінәлі адамдың жауапкершілігі анықталады», – деді Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың жауапқа тартылуы туралы сұраққа бірінші вице-премьер «Семей орманы» резерваты Экология министрлігіне қарайтынын атап өтті.

«Бұл – министрліктің құрылымдық бөлімі. Өрт жылдам өршіп кетті. Ол жердегі жағдай дұрыс бағаланбады», – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Бірінші вице-премьердің пікірінше, барлық мемлекеттік органның міндетін айқындау қажет.

«Қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігі, орман шаруашылығының барлық күшті тартылды. Бірақ мұндай жағдайда жылдам әрекет ету керек. Біз өртті бірден сөндіруге болатын сәтті жіберіп алдық. 22 мамырда орманда 5 мың гектар жер өртенді. Ол жедел түрде өшірілді, ал бұл жолы жағдай дұрыс бағаланбаған. Соңғы жылдары техника бойынша жағдай қиын. Біз техниканың орнын толтыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінің дайындығы 59%-ға бағаланды», – деді ол.

Роман Склярдың дерегінше, өртті сөндіруге 14 тікұшақ жұмылдырылды. 1 500 адам мен 300 техника жұмыс істеп жатыр. Ол желдің бәсеңдегенін айтып, жақын арада өрт ошақтары сөндіріледі деп үміттенетінін жеткізді.

Айта кетейік, Абай облысындағы алапат өрттен 14 адам қаза тапты. Із-түссіз кеткен тағы бір адам іздестіріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз