Jusan Bank-тің қаржы жағдайы тұрақты – ҚНРДА
Юридикциясы Қазақстанға толық қайтарылған Jusan Bank-тің қаржы жағдайы тұрақты. ҚНРДА-ның хабарлауынша, қазіргі кезде қаржы ұйымы банктік қызмет нарығындағы негізгі орнын сақтап отыр. Меншікті капитал мөлшері бойынша ең ірі банктердің үштігіне және активтер бойынша 6 жетекші банк қатарына кіреді.
«Өтімді активтердің үлесі банктің бүкіл активінің(2,6 трлн теңге) 46%-ын немесе 1,2 трлн теңгені құрайды, бұл банкке өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға мүмкіндік береді», – делінген хабарлама.
Жеке және заңды тұлғалардың салымдары 1,3 трлн теңгені құрады. Бұл ретте жеке тұлғалардың салымдарын өтімді активтермен өтеу – 194%.
Бұдан бөлек, банктің резерві 296 млрд теңгені құраса, NPL қарыздарын өтеу 81%-дан асады.
Jusan Bank баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржы ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүзеге асырып жатыр.
«Біз қазақстандықтардың қаржылық және қаржылық емес қызметтер бойынша артып келе жатқан сұраныстарын қамтамасыз ете алатын заманауи цифрлық банкингті құру бойынша қабылданған стратегияны ұстанамыз. Өткен жылдың табысты нәтижелері және банктің ағымдағы қаржылық жағдайы өзіне алған барлық міндеттемелерді орындауға, соның ішінде мемлекет көмегінің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтаруға мүмкіндік береді», – делінген банк хабарламасында.
Бұған дейін Әділет министрлігі Jusan Group-тың қазақстандық юрисдикцияға қайтарылғанын мәлімдеді. Ведомства баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылы Jusan Group шетелдік юрисдикцияға өтіп кеткен.
Телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірқатар ірі активтері бар Jusan Bank Қазақстан үкіметінің бақылауынан шығып кеткен болатын.
«Енді, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен басқа мемлекеттік органдар бірлесіп шара қабылдап жатыр. Соның нәтижесінде Jusan Group-ты қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға мүмкіндік туды. Осыған сәйкес, арнайы құжаттарға қол қойылды», делінген министрлік таратқан хабарламада.