Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Грузиядан экстрадицияланды
Фото: kursiv.media
50 млн теңге бюджет қаржысын ысырап қылды деген күдікке ілінген Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытай Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Лауазымды құзыретін асыра пайдаланған экс-шенеунікке халықаралық іздеу жарияланған болатын. Бас прокуратура күдіктіні ұстауға Грузияның Әділет Министрлігіне сұрау салып, ол Қазақстанға жеткізілді.
«Күдікті қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органынан бой тасалаған, сондықтан оған қатысты халықаралық іздеу жарияланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген тұлға Грузияда анықталып, ұсталды. Грузиялық әріпестермен арадағы тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде бүгін Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанған әкелді», – делінген Бас прокуратура таратқан мәліметте.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Жоғарыда көрсетілген қылмыстары үшін оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қайсар Сарытай мен мердігер компанияның басшысы «Smart-city: Ашық әкімдік» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу және техникалық қолдау қызметіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) және 362-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы (өзіне немесе басқа адамдарға немесе ұйымдарға пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында жасалған билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша іс қозғалған.
Жақында Қазақстанда адам өлтірді деген күдікке ілініп, халықаралық іздеуде жүрген азамат Германиядан экстрадицияланған еді. Бас Прокуратура күдіктіні ұстап беру туралы сұрау салған.