Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді 70 жылдық мерейтойымен құттықтады
Фото: kursiv.media
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 70 жасқа толған мерейтойына орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларын дамытуға және халықаралық аренадағы жоғары беделін ілгерілетуге Си Цзиньпиннің қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Қытай халқының игілігін қамтамасыз етуге бағытталған ҚХР Төрағасының бастамалары мен ауқымды реформаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Президент Қазақстанның екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін тағы да растады.
«Біздің бірлескен күш-жігеріміз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы көпжақты серіктестікті сапалы жаңа деңгейге шығаруға толық ықпал ететініне сенімдімін», – деп жазылған жеделхатта.
Қазақстан Президенті биыл өзінің туған күнінде ҚХР-ға ресми мемлекеттік сапармен барған еді. 17 мамырда 70 жасқа толған Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытай елі салтанатпен қарсы алған.
Сапар барысында Тоқаев пен Си Цзиньпин қазақ-қытай сауда айналымын 40 млрд долларға жеткізуге уағдаласты.