Ұлттық құрылтай – сән-салтанатпен өткізетін той емес – Қасым-Жомарт Тоқаев

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты құрылтайдың екінші отырысында ұлттық құрылтайдың арқаны кеңге салып отыратын жиын еместігін айтты.

«Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған», деді мемлекет басшысы.

Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатқанын, Абай облысында алапат өрттен азаматтарымыз қаза тапқанын айтты.

«Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет.Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар», деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайдың халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым екенін, наурыздағы Жолдауда осы құрылтайды шақыру туралы бастамасы – қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ бұл жиында ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланатынына ерекше тоқталды.

«Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз