Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды – Мемлекет басшысы

Жарияланды

Фото: Ақорда

Түркістанда өтіп жатқан құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардың тарихи маңыздылығына тоқталып өтті.

«Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған», деді Президент.

Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған Түркістанның бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналатынын айтты. Сонымен қатар қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан.

«Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді.Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жиынның кезінде бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде өтіп жатқанын, Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасының осы жерге тиіп тұрғанын, осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқанын атып өтті.

«Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін», деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз