Өзбекстан Ресейден жылына 2,8 млрд текше метр газ сатып алатын болады

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Газ сатып алу туралы келісімшарт «Өзгастрейд» АҚ мен «Газпром экспорт» ЖШҚ арасында 2 жыл мерзімге жасалды. Бұл туралы Өзбекстан Энергетика министрлігінің телеграм арнасы жазады.

Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында Өзбекстанға Ресей газын жеткізуге келісімшартқа және республиканың газ тасымалдау жүйесін осы газды қабылдауға дайындау бойынша «Жол картасына» уағдаласты. Келісім-шартқа Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Мирзамахмудов пен «Газпром» ААҚ Басқарма төрағасы А. Миллер қол қойды.

«Келісімшарт толығымен коммерциялық шарттарда әзірленген және республиканың тұтынушыларының жылдан жылға өсіп келе жатқан табиғи газға, сондай-ақ күзгі-қысқы маусымға деген қажеттілігін ішінара қанағаттандыруға бағытталған шаралардың бірі. Келісім шеңберінде ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап тәулігіне 9 миллион текше метр табиғи газ импортын бастау жоспарлануда. Ал жылдық көлемі шамамен 2 миллиард 800 миллион текше метрді құрайды», делінген хабарламада.

Бұған дейін, Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің «Газпром» Басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездескені хабарланған болатын. Жүздесуде «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылған еді.

Жұма күні «Газпом» концерні ресейлік газды Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау 2023 жылдың ІV тоқсанында басталатынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз