Алаяқтар белгілі блогерлер мен агенттік басшыларының есімдерін пайдаланып, халықты алдай бастаған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтықтың жиілеп кеткені туралы ескертеді.

Агенттік интернет кеңістігінде «Webtrader» инвестициялық компаниясының сайтына сілтеменің белсенді таратылып жатқанын хабарлады. Онда қысқа мерзім ішінде кепілдік берілген инвестициялық кіріс уәде етіледі. Азаматтарды көп тарту үшін және олардың сеніміне ие болу үшін алаяқтар белгілі блогерлер мен агенттік басшыларының есімдері мен фотосуреттерін пайдаланады.

«Агенттік ресми түрде агенттік басшыларының немесе қызметкерлерінің биржалық нарықтарда бағалы қағаздарды немесе басқа активтерді сатып алуды ұсынбайтынын және жеке және заңды тұлғалардың ақшалай қаражатын тартпайтынын ескертеді», делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік өз құзыреті шеңберінде бағалы қағаздар нарығының жұмыс істеуін және дамуын, оның инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізеді. Сонымен қатар қор нарығының және оның қатысушыларының ағымдағы жай-күйіне мониторинг пен талдауды жүзеге асырады. Инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметі туралы ақпараттың толықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Агенттік азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың қулықтарына ермеуге шақырып, қаржылық алаяқтарға кез болған жағдайда, тұрғылықты жердегі құқық қорғау органдарына дереу хабарласуға кеңес береді.

Ал лицензияланған брокерлер тізімімен агенттіктің www.gov.kz ресми интернет-ресурсында танысуға болады. Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген инвестициялық делдалдың деректемелері брокер лицензиясындағы деректемелермен сәйкес келуі тиіс.

Қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында азаматтар Агенттікке шағымдармен жүгінген лицензияланбаған «инвестициялық делдалдардың» тізімі де орналастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз