Ұлттық банктың валюта нарығына шолуы: Индонезия рупиясы мен түрік лирасы айтарлықтай әлсіреді
Фото: kursiv.media
Ұлттық Банк 2023 жылғы 9-16 маусым аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталарына шолу жасады.
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 16 маусымда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,2%-ға яғни 445,62 теңгеден әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 450,99 теңгені құраса, сыртқы валюта нарығында бұл аралықта бірқатар маңызды оқиғалар болды.
АҚШ-тағы жалпы инфляция мамырда бір айдағы есептеу бойынша 0,1%-ға өсті. Ал базалық инфляция 0,4% деңгейінде қалып отыр. Екі көрсеткіш те нарықтық болжамдарға сай олды. АҚШ ФРЖ ашық нарығындағы операциялар жөніндегі федералдық комитет базалық мөлшерлеменің ауқымын өзгеріссіз қалдырып, одан әрі қатаңдатуға бейімділігін сақтап қалды.
Ал Қытай Орталық банкі экономиканы ынталандыру мақсатында былтыр тамыздан бастап алғаш рет бір жылдық кредиттер бойынша мөлшерлемені (MLF) және кері репоның жеті күндік мөлшерлемесін тиісінше 2,65%-ға және 1,9%-ға дейін 10 базистік тармаққа төмендетті.
Бұл факторлар дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі бағыттағы динамика көрсетті. Ендеше дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасына тоқталсақ.
- Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел сентиментінің жақсаруы мен геосаяси шиеленістің әлсіреуі аясында 3%-ға яғни 18,76-дан 18,19-ға дейін нығайды;
- Бразилия реалы АҚШ-тағы инфляцияға қатысты деректер шыққаннан кейін және АҚШ ФРЖ-ның қатаңдату циклін тоқтатуын күту аясында 1,2%-ға – 4,88-ден 4,82-ге дейін нығайды;
- Мексика песосы АҚШ долларының әлсіреуі мен ФРЖ-ның мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру жөніндегі шешімі аясында 1,1%-ға, 17,28-ден 17,09-ға дейін нығайды;
- Үнді рупиясы шетелдік капиталдың әкелінуіне және төлем балансының профицитіне байланысты 0,6%-ға яғни 82,46-дан 81,93-ке дейін нығайды;
- Индонезия рупиясы мамырда сауда балансының оң сальдосы 440 млн АҚШ долларына жетуінен 0,7%-ға яғни 14840-тан 14940-қа дейін әлсіреді. Бұл – 2020 жылғы сәуірден бергі ең төменгі көрсеткіш;
- Түрік лирасы 0,9%-ға яғни 23,42-ден 23,63-ке дейін біршама әлсіреді. Бұл елде инвесторлар 22 маусымда өтетін базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайтын кезекті отырысты күтіп отыр;
- Ресей рублі экспорттаушылар тарапынан валюта ұсынысының шектелуіне орай импорттаушылар тарапынан сұраныстың кейінге қалдырылуы аясында 1,8%-ға (82,64-тен 84,14-ке дейін) әлсіреді. Ресейдің Орталық банкі негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.