Түркістанда 174 ауыл әкімі жайылымдық жер бойынша статистиканы бұрмалаған
Түркістан облысының прокуратурасы «Қолжетімді жайылым» жобасының аясында статистиканы бұрмалаған ауылдардың әкімідеріне 5 млн теңге айыппұл салды.
«Әкімдер ауыл аймақтарда сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша көрсеткіштерді «жақсарту» мақсатында статистикалық есептерге қасақана шаруа қожалықтарындағы мал бастарын қосып жазған. Нәтижесінде бұрмаланған есептерді аудан әкімдері жайылымдық жерлерді басқару Жобасын түзу және бекіту барысында қолданған», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта аталған статистика прокурорлардың ықпалымен ретке келтіріліп, облыс бойынша нақты қажеттілік көлемі анықталды. Ол үш есе төмен, 2,1 млн. га емес 652 мың га екені белгілі болды.
«Түркістан облысының прокуратурасы «Қолжетімді жайылым» жобасының аясында 174 ауыл әкімін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 498-бабы (статистиканы қосып жазу және бұрмалау) бойынша 5 млн теңгеге әкімшілік жауаптылыққа тартты», делінген хабарламада.
Прокурорлық актілердің негізінде қала, аудан әкімдіктерімен бұдан бұрын бекітілген осыған ұқсас Жобаларды қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша Агенттігіне, ауылшаруашылығы министрлігіне және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне прокуратура тарапынан мал шаруашылығы саласындағы бағдарламаларды интеграциялау бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды.