Сенат мақұлдады: электросамокат туралы заң Тоқаевтың қол қоюына жіберілді

Жарияланды
Фото kursiv.media
Фото kursiv.mediaс

Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Заңның мақсаты – қолданыстағы құқықтық оқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, сондай-ақ электр самокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу. Заң Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Сенатор Евгений Больгерттің айтуынша, заң арқылы көлікті мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізіледі. Сондай-ақ «Жол қозғалысы туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

«Электрондық самокат» ұғымы енгізіледі, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік деп танылады және олардың қозғалысы үшін орындар айқындалады», – деді сенатор.

Электр самокатпен жолдың жақ шетімен қозғалуға болады. Ол үшін 18 жасқа толған азаматтың кез келген санаттағы көлікті басқару құқығына ие құжаты болуы қажет. Ал қараңғы уақытта басқа көліктерге көрінуі үшін жарық қосуы қажет болады.

«Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат беріледі», – деді Евгений Больгерт.

Заңда шағын электр көлік пен электр самокаттары жүргізушілерінің құқығы мен міндеттері белгіленеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева құжат аясында самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынатынын мәлімдеді.

«Электр самокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек», – деді депутат.

Бұған дейін ІІМ басшысы Марат Ахметжанов заң самокат тебетіндердің жолда жүруін заңмен реттейтінін айтқан болатын.

«Мысалы, қазір самокат мінген адам 18 жасқа толған болуы керек әрі жүргізуші куәлігі болуға тиіс. Олар жолдың тек оң жағымен жүре алады», деген еді Ішкі істер министрі.

Еліміздегі онлайн хабарландыру сервисінің бірі жүргізген сауалнама көрсеткендей электросамокаттарға сұраныс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 23%-ға төмендегені анықталған. Сонымен қоса, қазақстандықтардың велосипедтерге деген қызығушылығы да азайып, сұраныс 30%-ға төмендеген. Мамандар электросамокаттарға деген сұраныстың төмендеуін елдегі жалдау қызметтерінің дамуымен байланыстырады.

Сондай-ақ оқыңыз