«Самұрық-Қазына» қоры 2 трлн теңге таза пайдасынан 322 млрд теңге дивиденд төлемек
Фото: kursiv.media
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылы 1,922 триллион теңге таза пайда тапқан. Соның 322 миллиард теңгесін жалғыз акционері – Қазақстан үкіметіне дивиденд ретінде төлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қордың экономика және қажы жөнінде басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева мәлімдеді
«2022 жылы таза пайда жоспарлы 1,556 триллион теңгеден асып, 1,922 триллион теңгені құрады. Оған мұнайдың өзіндік құны әсер етті. Біз жоспарға Brent маркалы мұнайдың өзіндік құнын 90 доллар деп енгізгенбіз, іс жүзінде өзіндік құны 100 доллар болды», – деді Нұрбаева брифинг барысында.
Осы 2 трлн теңгеге жуық таза пайданың 322 млрд теңгесі компания акционеріне дивиденд ретінде төленбек.
«Жалғыз акционердің дивиденд бойынша биылғы түпкі шешімі әлі қабылданған жоқ. Біздің болжамымыз бойынша, үкіметтің әлеуметтік жобаларды қаржыландыруын ескере отырып, төлемдердің алдын ала сомасы 322 млрд теңгені құрайды», – деді Нұрбаева.
Сондай-ақ, мемлекеттік қор «Қазақстан халқына» қорына кемінде 66 миллиард теңге бағыттаса, «Самұрық-Қазына» қоры тобының активтерін жекешелендіруден Ұлттық қорға 92 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.
«Біздің болжамымыз бойынша, жалпы төлем сомасы 480 млрд теңгені құрайды», – деп қосты ол.
Оның айтуынша, 2021 жылы таза пайда 1,629 трлн теңгені құраған. Осылайша, көрсеткіш 17,9%-ға өсті. 2022 жылы кіріс 26,2%-ға өсіп, 14,785 трлн теңгеге жетсе, EBITDA 17,3%-ға өсіп, 4,690 трлн теңгені құрады.
Таза қарыз 20,7%-ға азайып, 5,189 трлн теңге болды. Активтері былтыр 10,7%-ға өсіп, 33,575 трлн теңгені құрады.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар.