Білім саласындағы жемқорлар 11 млрд теңгені жымқырған

Жарияланды

2020 жылдан бері білім саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталған. Мемлекетке келтірілген залал 11 млрд теңгені құрап, соның 5,2 млрд теңгесі өтелген. Білім беру жүйесінде бюджет қаражатын тұрақты жымқыру қылмыстық схемалары ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, ведомствоаралық кеңесте соның қорытындысын жариялады.

Қазақстанның білім беру жүйесі – жемқорлық жайлаған салалардың бірі. Қозғалған қылмыстық істер саны бойынша «үздік» үштікке кіреді. 2020 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында 382 қылмыстық іс тіркелсе, білім саласында -343, сондай-ақ, әлеуметтік салада 235 қылмыстық құқық бұзу анықталған.

Кейінгі үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған, бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет шығысының 28%-ын құрайды. Оған қоса білім саласындағы қызметкерлердің жалақысы өскен. Соған қарамастан ақша жымқыру фактісі азаймай тұр, жүйені жемқорлық жайлаған.

Антикордың мәліметінше, тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.

«Мұндай қылмыстық схемалар елдің барлық аумағында анықталды. Алматы, Шымкент қаласына, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі тіркелді», – делінген баяндамада.

Жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижесінде бюджет ақшасын жымқырудың мынандай тәсілдері анықталған:

  1. Қызметкердің жалақысына оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп ақша аударған;
  2. Жалақы мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға аударылған;
  3. 3Қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа тұлғаның тегі көрсетілген;
  4. Бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет аударған;
  5. Олар ақшаны «өлі жандарға» – туыстары мен жақындарына аударған.

«Жоғарыда аталған жымқыру әдістері бір схема арқылы жүзеге асырылады. Алдымен бухгалтер төлем құжаттарын ведомстволық есеп жүйелерінен түсіреді. Әрі қарай, қажетті түзетулер қолмен енгізіліп, бұрмаланған мәліметтер жазылған құжаттар кейін төлемге жіберіледі. Мұндай манипуляциялар мектептің аталған бухгалтерлік есеп жүйелері, Ұлттық білім беру базасы және Қазынашылық-клиент базасы арасындағы интеграцияның болмауына байланысты жүзеге асқан», дейді Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Д. Малахов.

Осындай фактілерді болдырмау мақсатында кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдар арасында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі «Жол картасына» қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз