ЕуроОдақ КҚК мұнай құбыры қызметін қамтамасыз ету үшін Ресейге салынған кейбір санкцияны жеңілдетеді
Фото: kursiv.media
Еуропа Одағы 11-санкциялар пакеті аясында Каспий құбыр консорциумының жүйесіне техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік беру үшін Ресейге қарсы кейбір экспорттық шектеулерді жеңілдетеді. Бұл туралы ЕО сайтында жарияланған пресс-релизде жазылған.
Құжатта «Ресей арқылы Еуропа одағына тасымалданатын Қазақстан мұнайын жеткізетін КҚК құбырына қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы экспорттық тыйымдардан нақты анықталған және мақсатты шегіністерді енгізу» көзделгені атап өтіледі.
Құзыретті органдар санкция салынған тауарлар мен технологияларды сату, жеткізу, экспорттау немесе Ресей арқылы транзитпен өткізуге рұқсат бере алады. Сонымен қатар консорциум серіктестерімен бекітілген көлемнен аспаса, тиісті техникалық және қаржылай көмек көрсету, басқа да қызметтерді (аудит, инжиниринг, заңгерлік және т.б.) көрсетуге рұқсат беруі мүмкін. Бұл ретте сұралатын тауар мен қызмет көлемі КҚК қажеттілігіне сәйкес болуы шарт.
Мүдделі мемлекеттер Комиссияға мұндай рұқсат берілгені жайлы екі апта ішінде хабарлауға міндетті. Дегенмен, құзыретті орган әркез «түпкі пайдаланушы сертификатын» және КҚК-ге жеткізілген тауарлар мен қызметтердің тек мақсатты пайдаланылғанын дәлелдейтін егжей-тегжей есеп талап етеді.
«Консорциум ешқандай халықаралық санкцияға ұшырамайды. Осыған қарамастан, ол шетелдік серіктестермен байланыста әлі де қиындықтарға тап болды. Атап айтқанда, КҚК жабдықтарды жеткізуге қатысты мәселелерді шешуде Қазақстан билігінің көмегіне мұқтаж болды», – деген «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде «Қазақстан КҚК арқылы Еуропаға мұнай тасымалдауда ЕО-ның қолдауына сенеді» деп мәлімдеді.
«Энергетика секторы – Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылындағы негізгі бағыттарының бірі. Біз энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының Еуропаға экспортының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады. Ортақ мүдделерге сүйене отырып, біз осы стратегиялық маңызды мұнай құбыры арқылы ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін ЕО-ның одан әрі қолдауына сенеміз», – деген Мемлекет басшысы.
КҚК құбыры Каспий қайраңындағы Қазақстан мен бастыс Ресейдің мұнай кен орындарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы 1511 шақырым.
Ол – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты, онымен Қазақстанның құбыр арқылы айдалатын мұнайының 80%-ы жөнелтіледі. 2022 жылы құбыр экспортқа 58,7 млн тонна мұнай тасымалдауды және жөнелтуді қамтамасыз етті, соның ішінде Қазақстаннан 52,2 миллион тонна шикізат айдаған. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгейден 3,3% – ға аз.
Каспий құбыр консорциумы 2023 жылы құбыр жүйесі арқылы айдалатын мұнай көлемі 60-61 млн тонна болады деп болжам жасаған.