Әлемнің 100 ірі компаниясы неліктен құлдырау жолына түсті?
Фото: kursiv.media
Технология өсіміне қарамастан биыл бірінші тоқсанда технологиялық сектор 8 пайызға төмендеген.
Әлемдегі алпауыт 100 компанияның нарықтық капталдану көрсеткіші жылдық мәнде 11 пайызға төмендеген. Бұл шамамен – 3,8 трлн доллар. Мұндай жағдай 2009 жылдан (-39 пайыз) бері тіркеліп тұрған алғашқы аса ірі құлдырау болып саналады.
PwC талдауына сүйенсек, жалғасып жатқан қатаң ақша-несие саясаты, жоғарғы инфляция және АҚШ пен Еуропа банктері төңірегіндегі белгісіздік күрделі макроэкономикалық ахуалды туындатып, ол бүкіл әлем бойынша қор нарығына жағымсыз әсер беруде. Global Top 100 есебіне ең үлкен үлес қосқан АҚШ бұл құлдыраудың негізгі драйвері болды және 2,9 триллион доллар жоғалтты. Алайда Құрама Штаттар Сауд Арабиясы мен Қытайды басып озып, тізімдегі үлес бойынша бірінші орынды сақтап қалды.
Еуропа болса есептегі өз үлесін 2022 жылғы 10 пайыздан 2023 жылы 13 пайызға дейін ұлғайтып, өңірлік тізімде екінші орынға көтерілген.
«PwC Global Top 100 есебі жаһандық экономиканы қалыптастыратын негізгі трендтерді және жаһандық қор нарығындағы ең маңызды динамикаларды түсінудің маңызды құралы болып қала береді. Күрделі нарықтық жағдайлар соңғы жылдары ірі компанияларға әжептәуір әсер етті. Бірақ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Еуропадағы бірқатар компаниялар өсімі және көптеген секторлардың қалыпқа келе бастауы оптимизм тудырады», дейді жаһандық IPO орталығының жетекшісі Стюарт Ньюман.
АҚШ компаниялары Global Top 100 есебіндегі басым үлесін сақтап қалды, бұл тізімнің 70 пайызын құрайды, бірақ 3 трлн долларға тең мөлшерде, 12 пайызға құлдыраған. Еуропа 9,5 пайыз өсім көрсеткен жалғыз аймақ, ал Қытай мен оның аймақтарында төмендеу көрсеткіші – 7,3 пайыз, өзге елдерде 26,3 пайыз болды.
Салалық деңгейде қарастырар болсақ, барлық маңызды саланың капиталы азайыпты. Оның ішінде тұтынушылық сектор (-23 пайыз), байланыс қызметі (-18 пайыз), қаржылық қызметтер (-11 пайыз) және энергетика (-10 пайыз) бар. Барлық нарықтық капиталданудың төмендеуінің 56 пайызы қаржылық қызметтер мен тұтынушылық секторға тиесілі. Технология өсіміне қарамастан биыл бірінші тоқсанда технологиялық сектор 8 пайызға төмендеген. Бұл 2016 жылдың бері болып тұрған төмендеу тенденциясы.