Тағы бір даулы істе Қайрат Шәріпбаевтың қызымен байланысты компанияның аты аталды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бұл жолы «Бейнеу-Шымкент газ құбырының» газ тарифін бекітуге арналған қаражат мейрамхананы жөндеуге жұмсалған, деп жазады 5media басылымы жазды. Басылым дерегіне сәйкес, құжаттама әзірлеу бойынша тендерді «Inform System» компаниясы жеңіп алған. Бұл компанияның құрылтайшыларының бірі Қайрат Шәріпбаевтың қызы.

Алайда, компания жұмысты қосалқы мердігер компанияға тапсырған. Ал ол компания өз кезегінде қаражатты мейрамхана құрылысына жұмсаған. Бұл іске содан кейін көлік прокуратурасы араласады.

«Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС «Inform System» ЖШС-мен келісімшартқа отырады. Мердігер компания 2020-2024 жылдарға арналған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы тауарлық газды тасымалдау жөніндегі қызметтердің тарифтік сметасын әзірлеп, бекітуі тиіс болатын. Сонымен қатар, «Бейнеу-Шымкент» ЖШС 2020-2024 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын дайындау және бекіту бойынша тағы бір келісімшартқа қол қояды. Келісімшарттардың жалпы сомасы 133 280 000 теңгені құрады.

Өз кезегінде «Inform System» ЖШС осы шарттар бойынша өз міндеттемелерін қосалқы мердігер – «Angel Partnership» ЖШС-не аударып, оларға екі келісімшарт бойынша 115 895 712 теңге төлейді. Сотта бұл мән-жайлар іс материалдарымен расталып, компаниялар тарапынан дауланбайды.

Сот ісін жүргізу барысында көлік прокуратурасы «Angel Partnership» қосалқы мердігері «Inform System» компаниясынан алған қаражатты мейрамхана жөндеуге пайдаланғанын мәлімдеген. Ал келісім-шарт бойынша барлық қызметтерді іс жүзінде үш қызметкер – Ж.Исина, Казбеков Е. және Қадірұлы А. бар болғаны 1 500 000 теңгеге атқарған. Сонымен бірге бұл адамдардың респондент компанияларға еш қатысы жоқ болып шығады. Мұны мердігер мен қосалқы мердігер компаниялар тарапынан куәгерлер де растап, келісімшартты таза формальдылық деп атаған. Өйткені олар сатып алған қызметті өздері орындамаған.

Бұл жағдайларға қарамастан, мердігерлер шарт бойынша міндеттемелер орындалды деп санап, шартты жарамсыз деп тану туралы талаптармен келіспейді. Алайда сот компаниялармен жасасқан шарттарды жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдайды. Шешімде компаниялардың өз кінәсіздігі туралы дәлелдемелер ұсынбағаны, мемлекеттің қаражатын заңсыз алу мақсатында формальды түрде құжат айналымын жүзеге асырылғаны айтылған.

Мемлекеттік реестр мен Kompra.kz деректер базасына сәйкес, «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС 2011 жылдың 18 қаңтарында тіркелген және құбыр арқылы тасымалдау қызметімен айналысады. Қазақстан тарапынан құрылтайшысы «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ пен қытайлық Trans-Asia Gas Pipeline Co., Ltd. компаниясы. Компанияның жарғылық капиталы 1 млрд долларды құрайды, ол Қазақстан мен Қытайдың тең жарналары есебінен қалыптасқан.

Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры Қазақстан-Қытай газ құбырының екінші бөлігі. Бұл газ құбыры батыстағы мұнай және табиғи газ кен орындарын еліміздің оңтүстігімен байланыстырады. Сонымен бірге Бұхара газды аймағымен яғни Ташкент-Бішкек-Алматы және Газлы-Шымкент магистральдық газ құбырларын, Орталықтың «С» желісі арқылы Азия-Қытай газ құбырымен байланысады.

Ал «Inform System» компаниясы 1997 жылы 7 мамырда тіркелген және құжаттарға сәйкес бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады. Компанияның құрылтайшылары: «Danko Commerce» ЖШС (құрылтайшылары: «Danko Investment Group FZE», Асқар Әбенов, «Tau Bereke Group» ЖШС, «Koktem Property» ЖШС, «Gas Processing Company» ЖШС және «Invest Bolashak» ЖШС) және «Asia W Partnership» ЖШС (құрылтайшылар арасында Дариға Назарбаеваның бейресми күйеуі болып саналатын Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаева мен Расул Орынбетов бар, сонымен бірге «Asian Bowels» ЖШС, «Caspian Salt» ЖШС, «Bekem Partners» ЖШС және «Qazaq Business Group» ЖШС бар).

Ақшаны мейрамханаға жұмсаған Angel Partnership компаниясы 2019 жылдың 22 сәуірінде тіркелген, жалғыз құрылтайшысы Олжас Уабов. Құжаттарға сәйкес ЖШС қызметінің түрі мейрамханалар мен азық-түлік жеткізу қызметтері, нарық конъюнктурасын және қоғамдық пікірді зерттеу, сондай-ақ басқа да кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсетумен айналысады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Шәріпбаевтың қызына тиесілі «APL Construction» ЖШС компаниясына нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін 77 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз