Ұлттық Банктің өткен аптаға шолуы: Теңге бағамы бір аптада 0,9%-ға нығайды
Фото: kursiv.media
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 23 маусымда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,9%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 450,99 теңгеден 447,05 теңгеге дейін түсті.
2023 жылғы 16-23 маусым аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. 21 маусым күні Өкілдер палатасында сөйлеген сөзінде АҚШ ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл АҚШ-та инфляцияны ұстап қалу мақсатында алдағы айларда пайыздық мөлшерлемелер қайта көтеріле бастауы мүмкін екенін айтты.
Орнықты инфляциялық процесс аясында орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерді көтеруді жалғастыруда: Англия Банкі мөлшерлемені 5%-ға дейін 50 базистік тармаққа, Норвегия Орталық банкі 3,75%-ға дейін 50 базистік тармаққа, Швейцария Орталық банкі мөлшерлемені 1,75%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтерді.
Жоғарыда аталған факторлар негізінен дамушы нарықтарда валюталардың теріс динамикасын көрсетті. Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:
- Бразилия реалы шетелдік капиталдың әкелінуі аясында 0,8%-ға (4,82-ден 4,78-ге дейін) нығайды. Орталық банк базалық мөлшерлемені 13,75% деңгейінде сақтап қалды;
- Үнді рупиясы жаһандық тәуекел сентиментінің нашарлауы аясында 0,1%-ға (81,93-тен 82,04-ке дейін) әлсіреді;
- Индонезия рупиясы 0,4%-ға (14940-тан 14999-ға дейін) әлсіреді. Орталық банк негізгі мөлшерлемені 5,75% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды;
- Мексика песосы АҚШ ФРЖ Төрағасының «мөлшерлемені арттыру» мәлімдемесі аясында 0,5%-ға (17,09-дан 17,17-ге дейін) әлсіреді. Орталық банк базалық мөлшерлемені 11,25% деңгейінде сақтап қалды;
- Ресей рублі мұнай бағасын белгілеудің және геосаяси тәуекелдердің төмендеуі аясында 0,7%-ға (84,14-тен 84,7-ге дейін) әлсіреді;
- Оңтүстік Африка ранды жаһандық инвесторлар тарапынан тәуекелге тәбеттің төмендеуі аясында 3,1%-ға (18,19-дан 18,75-ке дейін) әлсіреді;
- Түрік лирасы негізгі мөлшерлеменің 2021 жылдан бері алғаш рет 15%-ға дейін көтерілуіне қарамастан 6,8%-ға (23,63-тен 25,24-ке дейін) әлсіреді.