Алмасадам Сәтқалиев Петропавлдағы ЖЭС-2 кешенінің жұмысымен танысты
28 маусым күні Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында Алмасадам Сәтқалиев Петропавл ЖЭС-2 барып, энергетикалық кешеннің жұмысымен танысты. «Севказэнерго» АҚ-тың Петропавл ЖЭО-сының №1, 3, 9, 10, 11 қазандықтары мен №3 турбинасына күрделі жөндеу жоспарланған. Сонымен бірге №2, 4, 5, 6, 7 турбиналары да осы жылы жөнделеді деп көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда №3 қазандықтың күрделі жөндеуі мен№4, 5, 6, 7 турбиналардың жөндеу жұмыстары аяқталған. қалған қазандықтар мен турбиналар әлі де жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Министр №9 қазандық бойынша бекітілген графиктен артта қалғанын, сондай-ақ №1 қазандықты күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылғанын ескертті. Сонымен бірге «Солтүстік Қазақстан АЭК» АҚ бойынша 110 және 220 кВ электр беру желілерін жөндеуде артта қалғанына назар аударды.
Жалпы жүргізілген реконструкциялық жұмыстарды ескере отырып, ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы 56%-ды құрайды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімімен кездесуде күл үйіндісінің жаңа секциясын салу үшін жер бөлу жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті.
Тұрғындармен есептік кездесуде Министр қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Алдағы уақытта ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Риддер, Екібастұз, Алматы қалаларына және облыстарға арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірлердегі жылу орталықтарының алдағы жылыту маусымына дайындығын тексереді, тұрғындармен кездеседі. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг ұйымдастырылады.
Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов президент Қазақстандағы тозған – апатты жағдайдағы жылу орталықтарына баратынын айтып, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке өңірлерді аралауға кеңес берген.