Сенат «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды мақұлдады

Жарияланды
Kursiv.media

Сенат «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң мен оған ілеспе заңдарды екінші оқылымда мақұлдады.

«Заң заңсыз алынған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару және оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз алу мен шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру үшін заңнамалық тетіктерді айқындауға бағытталған», – деді сенатор Андрей Лукин.

Заңдарда құқықтық және әлеуметтік-экономикалық бағыттар қамтылған:
заңсыз алынған активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер құру;
активтерді қайтару саласында мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігін құру;
қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру;
заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жолымен Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру мәселелерін шешу.
Айта кетейік, заңның басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.
Заңсыз алынған активтерді қайтару процесі мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет еді. Оның аясында арнайы тізім жасалып, оған шектеулі тұлғалар ғана кіргізіледі. Тізімге енетін адам аффилиирленген тұлғалармен бірге 100 млн доллардан көп қаражатқа ие болуы керек.

14 маусымда Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдаған болатын. Құжатты отырыста депутат Снежанна Имашева таныстырған еді.

«Жобалардың негізгі мақсаты – заңсыз иемделген және шығарылған активтерді іздеуге, пайда болуын растауға, қамтамасыз ету шараларын қолдануға және мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.
Заң жобасында заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру секілді жағымды әлеуметтік-экономикалық тұстары бар», – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

24 мамырдағы Мәжіліс отырысында баяндама жасаған депутат Магеррам Магеррамов мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор құрылатынын мәлімдеген болатын.

«Мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылатын болады. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді депутат Магеррамов.

Сондай-ақ оқыңыз