1 шілдеден бастап орманшылардың жалақысына 100% қосымша ақы қосылады

Жарияланды
фото: Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 100% мөлшерде қосымша ақы тағайындалады. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұған дейін, адамның денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупі бар салаларда жұмыс істейтін мемлекеттік орман күзеті қызметі, табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына қосымша ақы тағайындалған болатын.

«Сонымен қатар, Министрлік орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмыс берушілері мен кәсіподақтарының өкілдерімен бірлесіп, 2025 жылға дейін қосалқы персонал мен табиғат қорғау ұйымдарының штаттан тыс қызметкерлерінің жалақысын 2 есеге ұлғайту бойынша шешім қабылдады (2023 жылғы 1 шілдеден бастап 70% – ға, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 85% – ға және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 100% – ға)», деп хабарлады министрліктен.

Осылайша қаржы, ұйымдастыру және өндірістік-шаруашылық бөлімдерінің қызметкерлерінің, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды тазалаушылардың және орманды қалпына келтіру, орман қорғау және орман шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын уақытша және маусымдық жұмысшылардың жалақылары өсетін болады.

Қаңтар айында  биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын орташа есеппен 20% – ға кезең-кезеңімен арттыру жалғастырылатынын Еңбекмин хабарлаған болатын.

Жалақыны көтеру бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметшіге әсер етеді. Осылайша, 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2 есеге ұлғаятыны айтылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз