Пригожин маршы: Путин Шойгу мен Герасимов позициясын таңдады
Өткен аптаның соңғы екі күні әлем көз тігіп отырған соғыс жағдайындағы Ресей үшін кішігірім болса да тарихи дата ретінде есте қалды. Украинамен арадағы соғыс басталғалы бері ерекше саяси-әскери сипатқа ие болған әйгілі «Вагнер» ұйымының басшысы Пригожин 24 маусымға қараған түні Ресейдің ресми әскери басшылығын өздеріне негізсіз соққы берді деп айыптап, өзі «әділет маршы» деп атаған әскери наразылық шарасын жасады. Ол, өз сөзінше мұздай қаруланған 25 мың әскермен Дондағы Ростов қаласынан Мәскеуге 200 шақырым қалғанша жүріп барды. Артынан Беларусь президенті Александр Лукашенконың арашалауымен Пригожин мәмілеге келіп, әскерін Мәскеудің шетінен қайтарғаны хабарланды. Ресейдің ресми орындары жағдайға қатысты бүлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Алайда, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «бүлікшіге» қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданғанын ресми мәлімдеді. Тіпті, ол Пригожиннің көрші Беларусь еліне кететінін, оның аман-есен жетуіне Путиннің өзі кепіл болатынын да айтты.
Жалпы, кез-келген соғыста әскери ғана емес адами, қаржы, экономикалық ресурстар белгілі бір дәрежеде сарқылады. Уақыт өткен сайын тапшылық сезіле бастайды. Сол кезде табиғи ресурстардың бұған дейін қызығын көріп келгендер арасында талас күшейе түседі, өйткені сол ресурстардың өзі сарқылып барады. Осы мәселені өткен аптада Пригожиннің Мәскеуге жасаған маршынан да көрдік. Пригожин үшін Вагнер – бұл бизнес. Ал, Ресейдің қорғаныс министрлігі осындай жекеменшік әскери ұйымдарды өз бақылауына алып, барлығын бір орталықтан басқаруға көшкісі келген секілді. Бұл пікірді осы салада жүрген белгілі әскери сарапшылар да айтып жатыр. Меніңше ақылға қонымды пікір. Яғни, бұл жерде Пригожин өзінің Путинмен сонау Санкт-Петербургтен бері келе жатқан жақын достығының арқасында «Вагнер» секілді компанияның қызығын көріп келді. Бірақ, Украина мен арадағы соғыс ұзап кетуі, Путин жоспарлағандай аз уақытта жеңіске жете қоймауы, Ресей әскерін көп шығынға ұшыратып жатқанын көріп отырмыз. Осының барлығы солтүстіктегі көршіміздің экономикасына, одан бөлек, олигархтардың табысына да кері әсерін тигізіп отыр. Пригожин осындай жағдайды пайдаланып Шойгу мен Герасимовты алып тастап, орнына бұрынғыша «Вагнердің» ықпалдырақ болғанын қалағандай әсер қалдырады. Бірақ, оның Мәскеуге жетпей қалған маршы кезінде Путин ескі досын емес, Шойгу мен Герасимовтың позициясын таңдады. Себебі, Пригожин осындай әрекеті арқылы Путиннің билігі мен репутациясына айтарлықтай қауіп төндірді. Бұл жерде «Вагнердің» басшысы осындай бір бопсалау арқылы Путинді өзінің талаптарына көндіргісі келгендей болды. Бірақ, қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, «Вагнердің» болашағы қалай болады деген мәселе алдыңғы қатарға шығып отыр. Соған байланысты бұл жағдайда «кім жеңілді?» деген сұрақтың жауабы кейінірек белгілі болады.
Осы орайда бұған дейін көп сарапшылар алғашқы кезде айтқандай мемлкеттік төңкеріс жасауға бағытталған қадам емес екеніне көзіміз жетіп отыр. Меніңше бар болғаны ресейлік олигархтар мен әскери ортада өздерін саяси элита санайтындардың арасындағы орысша айтқанда кезекті «разборка» деуге келеді.
Енді, осы оқиғаның біздің елге әсері туралы айтар болсам, Президентіміз Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Бірақ, дәл сол күні емес, бір күн кешіктіріп жексенбіде жинады. Меніңше, бұл қате болды. Себебі, Ресейдегі сол жағдай тез аяқталмай, азамматық соғысқа ұласыпк кететін болса, бұл Қазақстан үшін өте қиын жағдай болар еді. Ондай күн туса, біріншіден мыңдаған тіпті миллиондаған ресейлік шекара арқылы бізге қарай ағылар еді. Ол процесске біздің мемлекет немесе тікелей жауапты шекара қызметі сақадай – сай тұр деп айта алмаймыз. Өткен күздегі Ресейдегі мобилизация кезінде оған көзіміз жетті. Екіншіден айтарым, Пригожин соңғы әрекетін біздің саяси режим Қазақстанның ұлтық мүддесі тұрғысынан сипаттай алмады. Алғашқы күннен бастап Тоқаев «Бұл Ресейдің ішкі мәселесі», – деген пікірін айтты. Осы арқылы нейтральдық позиция ұстанғысы келгендей көрінді. Алайда, Тоқаевтың артынан сөйлеген сөздерінен байқағанымыз ол сенбі, жексенбідегі оқиғаны дәл Кремьлмен бірдей сипаттап отыр. Осы жерден Қазақстан басшысы бұл жерде Путиннің билігін барынша қолдайтынын аңғартты. Бұл біздің саяси билік Пригожиннің әрекетіне нақты саяси баға бере алмады, яғни, жоғарыда айтқанымдай Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан баға берген жоқ деп айтар едім. Бұдан көретініміз, біздің саяси режим өз алдына тәуелсіз елдің билігі деп айтуға келмейді.
Пригожинге қатысты қылмыстық іс туралы әртүрлі шешімдер мен пікірлерге қатысты мынаны айтар едім. Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай Путин мен Пригожин ескі достар. Екеуі қаншама жылдан бері саяси көзқарастары ортақ тұлғалар деп айтуға да болады. Сонымен қатар, Путиннің жанына жақын тартатын олигархтарының қатарына кіреді.
Ең бастысы, бұл жерде Ресей саяси жүйесінің ерекшелігіне назар аударуымыз керек. Ол елде саяси жүйе непотизмге негізделгенін білеміз. Яғни, «патрон-клиент» режиміне негізделген. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Ресей президентінің аталған жағдайды қантөгіске жеткізбей шешуге мүдделі болуындағы басты мақсат – өз билігіне төнген қауіпті барынша ушықтырмауды ойлады. Ол мақсатына жету үшін өзіміз көргендей Лукашенконың көмегіне сүйенуге мәжбүр болды. Бұдан көретініміз сол күндерде Путин үшін қалай болғанда да ешқандай эскалацияға жол бермей, арада орын алған жағдайды тезірек шешуге күш салу керек болды. Сол үшін бір жағынан қарағанда Пригожиннің талабын ескергендей, екінші жағынан өз абыройын сақтап қалуға тырысқан әрекет деп бағалуға болады. Алдағы уақытта саясат пен бизнесте достық қаншалықты маңызды екенін көретін боламыз. Өйткені, Путин автократ басшы ретінде өзіне бұлай қарсы шыққан адамдарды жайдан-жай қалдырмасы анық. Нәтижесінде, тек «Вагнер» ұйымының әрекетіне ғана емес, Пригожиннің жеке басына да қатысты да саяси шешімдер қабылдануы мүмкін.