Жаһандық астық трейдерлері Ресей астығын экспорттамайтын болды
Cargill, Viterra, Louis Dreyfus сынды жаһандық астық трейдерлері енді Ресей астығын экспорттамайтын болды. Олар 1 шілдеден бастап Ресейден кететіндерін мәлімдеді, деп хабарлайды «Итерфакс-Қазақстан» агенттігі.
Аталған компаниялар өз бизнестерін жаңа иесіне табыстайтыны жайлы Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігін наурыз айында хабардар еткен.
Астық экспорттаушылар одағының басқарма төрағасы Эдуард Зернин Интерфакс агенттігіне халықаралық компаниялардың ресейлік астық нарығын дамытуға көп үлес қосқанын жеткізген.
«Осы уақыт ішінде елде бизнес ауқымы бойынша шетелдік компанияларды басып озатын жергілікті компаниялар өсіп шықты. Бұл барлық экспорттаушылар бастан кешіріп отырған жасырын санкциялық қысымды қоспағанда, акционерлері қайдан екеніне қарамастан, ресейлік астық экспортына еш қауіп төніп тұрмағанына сенім ұялатады», – деді ол.
Оның айтуынша, Viterra ( еншілес ұйымы Viterra Rus болып өзгеріп, қазір MZK Export ретінде жұмыс істейді) жағдайында ресейлік команда тәуелсіз экспорттаушы ретінде қызметін жалғастырады.
Ресейлік Ауыл шаруашылығы нарығын зерттеу институтының бас директоры Дмитрий Рыльконың айтуынша, астық нарығының әртүрлі сегментінде шығып жатқан компаниялардың нарықтағы үлесі айтарлықтай өзгерген.
«Әлемдік компаниялардың нарықтан кетуі Қара теңіз арқылы жөнелтілетін астық экспортына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Өйткені бұл аймақта олардың жалпы үлесі жоғары болған – 20%. Кавказ порты арқылы олар шамамен 13% астық жөнелтіп отырды. Бұл көрсеткіш те біршама көп», – деді ол.
Рыльконың айтуынша, бұл жайт нарықтағы бәсекелестік деңгейіне кері әсер етуі мүмкін.
«Егер олардың орнын мемлекеттік компаниялар басса, фермерлердің сату деңгейіндегі бәсекелестігі нашарлауы мүмкін», – деді ол.
ProZerno компаниясының бас директоры Владимир Петриченко айтуынша, нарық шын мәнінде «әлемдік астық трейдерлерің кетуіне дайын, икемделіп алған».
Оның айтуынша, осы үш компанияның ресейлік астықты экспорттаудағы үлесі 16 пайызды ғана құрайды.
Ресей астық одағы сараптама департаментінің директоры Елена Тюринаның айтуынша, MZK Export 2022/2023 ауылшаруашылық жылында (шілде-маусым) 3,7 миллион тонна астық жөнелткен, Cargill-дің еншілес ұйымы – 3 млн тонна, Louis Dreyfus енділес ұйымы – «Луис Дрейфус Восток» 1,2 млн тонна жіберген. Экспортталған астық көлемі 7,2 млн тоннаны құрады.
Оның айтуынша, экспортерлар рейтингінде Vuterra 4 орында тұрса, Cargill – алтыншы, Louis Dreyfus 11-орында болған.
Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, РФ-дан астық экспорты 2022/2023 ауыл шаруашылығы жылында 55 миллион тоннаны құрап, 2023/2024 ауыл шаруашылығы жылында 50-55 миллион тоннадан асуы мүмкін.
Осы апта Ресейдегі жағдай мен АҚШ-тағы құрғақшылыққа байланысты бидай бағасы ақпанның соңынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.
Ал Қазақстанға келер болсақ, АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев биыл астық шығымы жаман болмайтынын айтқан.
11 сәуірде АШМ Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салатын бұйрыққа қол қойған болатын. Ресейден автокөлікпен бидай тасымалына тыйым салынған соң, бидай бағасы шамамен 20 долларға қымбаттады. Сол кезде Қазақстан бидайы тоннасына 260 долларға бағаланды.