«Астық мәмілесін» құтқару үшін ЕуроОдақ ресейлік банкті SWIFT жүйесіне қоспақ

Жарияланды

ЕуроОдақ ресейлік Россельхозбанктің еншілес ұйым құруына және ол ұйымды SWIFT жүйесіне қосуға рұқсат беру мәселесін талқылап жатыр. Ондағы мақсат Ресейдің астық экспорты үшін есеп-айырысуына мүмкіндік жасау. Бұл туралы Financial Times, жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап жазады.

Басылымға ақпарат берушілердің дерегінше бұл бастама маусым айында Брюссельде өткен ЕО-қа мүше елдер басшыларының саммитінде талқыланған. Қазір, ол мәселені заңгерлер қарастырып жатыр. Тараптар осы арқылы шілде айының ортасында мерзімі аяқталатын «астық мәмілесінің» мерзімін ұзартуға Ресейді көндірмек ниетте. Сонда ғана қара теңіз порттарында бөгеліп қалған украин астығын алып шығуға мүмкіндік туады.

2022 жылдың шілде айында Ресей, Украина мен Түркия БҰҰ қатысуымен украиналық порттардағы астықты экспорттау үшін дәліз ашу және ресейлік азық-түлік пен тыңайтқыштаржы экспорттау үшін кедергілерді алып тастау туралы келісім жасасқан болатын. 2023 жылдың мамыр айында Ресей СІМ, егер Россельхозбанк SWIFT жүйесіне қосылмайтын болса, сонымен қатар, елден экспортталатын азық-түліктің жолына бөгет болатын өзге де «жүйелі» проблемалардың шешілу барысына тосқауыл болса, «астық мәмілесін» бұзатыны туралы мәлімдеме жасаған еді.

Еуропалық шенеуніктердің пайымынша, ресейлік билік бұған дейін де мұндай мәлімдемелер жасап жүргенімен, бұл жолғы мәлімдеменің салмағы басым деп есептейді.

2022 жылдың маусым айында Россельхозбанкке батыс санкциялары салынып, ол SWIFT жүйесінен ажыратылған еді. Ресей банкті жүйеге қосуды талап еткенімен, ЕуроОдақ Украинадағы әскер қақтығыс аяқталғанша ол талап орындалмайтынын жеткізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз