Есірткі бизнесіне қарсы 3 жылдық жоспарды жүзеге асыруға Үкімет 53 млрд теңге бөледі
Фото: kursiv.media
Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл шараға бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» жолдауы аясында әзірленген құжатқа сәйкес 2025 жылға қарай есірткі тұтынушыларының санын азайту жоспарланған.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда синтетикалық есірткі ең үлкен қауіптің бірі. Мұндай есірткіні жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталады.
«Апиын Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымалданады. Сонымен бірге каннабис тобының есірткі заттарының айналымы мен «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр», делінген хабарламада.
Құжат бойынша есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру жоспарланған. Сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту көзделіп отыр.
Бұл кешенді жоспар негізінде заңнамалық және нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыру жоспарланған. Қоғамда нашақорлық деңгейін төмендету көзделеді.
Осы шара аясында жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады.
ШЫҰ қатысқан Президент есірткімен күрес негізгі бағыттардың бірі болатынын атап өтті. Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ету кезінде «үш зұлым күшке» қарсы тұратынын мәлімдеді.