Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек – Мемлекет басшысы

Жарияланды

Фото: Ақорда

Ширек ғасырда бас қаланың аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өскен. Бұл жайлы Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы форумдағы сөзін Астананың экономикалық мүмкіндіктерінен бастады.

«Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін», деді президент.

Бәсеке деңгейі жоғары және құбылмалы қазіргі әлемде қалалардың қарқынды әрі орнықты дамуы өте маңызды екенін айтқан ол, астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі екенін және мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқаратыны атап өтті. Қаланың дамуында инвестициялардың рөлі зор екенін айтты.

«Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге президент БҰҰ-ның орнықты даму саласында Астананы таңдап отырғанын кездейсоқтық еместігін айтты.

«Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өсті. Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды», деді ол.

Президент мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс деп санайды. Сол себепті де елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды деп біледі.

«Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге мелекет басшысы жасандылыққа жол бермеу керектігін айтты. Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейтінін айта келе ол:

«Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүргіншілер аумағының болуы аса маңызды. Технологияның, атап айтқанда жасанды интеллекттің қарыштап дамуы қалаларды барынша сапалы басқару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін өзекті міндет. Сонымен қатар адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал етеді. Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті», деді.

«Intelligent Community Forum беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 шаһардың қатарына енген екен. Сонымен қатар қалада Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі құрылған. Бұл технопарк тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады.

Осындай дамушы астанасы бар қазақстандықтарды президент экологиялық белсенді болуға және тазалыққа шақырды.

«Мен экология саласына әрдайым айрықша көңіл бөлемін. Аталған мәселеде азаматтардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуы шешуші мәнге ие. Ірі қалалардағы көшелердің қоқыстан таза болуы тұрғындардың азаматтық сана-сезімі жоғары екенін анық көрсетеді. Жауапты қала тұрғыны дегеніміз – бұл, ең алдымен, өз қаласының және елінің тағдырына бей-жай қарамайтын адам», деді ол.

Сөз соңында президент қуатты қалалардың – ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші екенін, бұл мәселеге қашан да мән берілетінін айтып, халықты Астана күнімен құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыз