Инфляцияның төмендеуіне қатаң ақша-несие саясаты әсер еткен жоқ – Андрей Чеботарёв
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. ҰБ хабарлауынша, бағаның өсімі айтарлықтай баяулады. Инфляцияның жылдық, айлық мәндері төмендеп келеді. Алайда, инфляцияның тұрақты бөлігінде баяулау қарқыны әлі де әлсіз. Жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының көтерілуіне қатысты жаңалықтарға байланысты инфляциялық күтулер өсуді көрсетіп отыр. Осы орайда «Курсив» тілшісі тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёвпен сұхбаттасқан еді.
– Ұлттық банк базалық ставканы 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Сіздіңше бұл қаншалықты дұрыс шешім болды?
– Меніңше, базалық ставканы сақтап қалу туралы шешім қате болды. Өйткені инфляция айтарлықтай қарқынмен төмендеп жатыр, ал мұндай жоғары базалық ставка экономикалық өсімге кедергі келтіреді. Бізде несие импульсі жоққа тән. Несие импульсі дегеніміз – несие желісі арқылы экономиканың дамуына берілетін импульс. Қазір нарықтық несие 20-25 пайыз болып тұр. Бұл өте жоғары. Ешқандай бизнес мұндай пайыздық ставкамен несие алмайды. Ал егер алса, онда сол үстіндегі пайызды өзінің қызметі мен тауарына құн етіп қосады. Бұл инфляцияны әрі қарай өсіруге жол ашып береді. Сонымен қатар Ұлттық банк олардың трансмиссиялық механизмі бір-бір жарым жылға созылатынын бірнеше рет айтты. Демек олар базалық ставканы түсіре бастаған кезде, төмен ставканың экономикаға әсері бір-бір жарым жылдан кейін ғана әсер ете бастамақ. Сонда 2023 жыл толықтай босқа кетпек. Біз мөлшерлемені өткен жылдың күзінен бастап төмендетуіміз керек еді. Ол кезде теңге нығайып, инфляцияның көп өтпей баяулайтыны түсінікті болған. Тым болмаса пайыздық мөлшерлемені былтыр қараша, желтоқсанда төмендеткен болсақ, қазір экономика әжептәуір өсімге ие болып қалушы еді. Қазір Ұлттық банк базалық ставканы әлі төмендетіп отырған жоқ. Демек экономикалық өсімді біз тек келер жылдың қысында ғана күте аламыз.
Сонымен бірге, рубль курсы өсімінің де төмендеп жатқанына назар аударғым келеді. Бұл ресейлік тауарлардың арзандайтынын білдіреді. Қысқа мерзімді тұрғыдан алғанда бұл жақсы. Біз ресейлік импорттан келетін инфляцияны төмендетеміз. Ұзақ мерзімді тұрғыдан алғанда, бұл – проблема. Өйткені арзан ресейлік тауарлар біздің нарықты жаулап алуы мүмкін. Бізге дәл қазір Ресейден импорттап отырған тауарларды өзімізде қайта өндіру үшін қаражат керек. Рубль арзандай берсе, онда Ресейден келетін арзан тауар импорты да арта бермек. Мұның жолын бөгеу үшін отандық бизнеске тиімді шартпен қажетті қаржы керек болып тұр.
Заң бойынша Ұлттық банктің істеп отырғаны дұрыс. Оның экономикалық өсімге түкіргені бар. Оның жалғыз құзіреті бар, ол – бағаны бақылау. Сондықтан ол экономикалық өсімнің жәй-күйіне пысқырмайды да. Әлемде екі бірдей құзіретке ие Орталық банктер бар. АҚШ-та, Ұлыбританияда мәселен. Олар экономикалық өсім мен инфляциямен күрес арасында тепе-теңдікті сақтайды.
– Жыл басында инфляцияның 20 пайыздан асып кеткені белгілі. ҰБ-ның қатаң монетарлық саясатының арқасында инфляция қарқыны біршама баяулаған сияқты. Мұндай пікірмен келісесіз бе? Инфляцияның бәсеңдеуіне базалық ставка инструменті әсер етті ме?
– Инфляция деңгейі қатаң ақша-несие саясатының арқасында төмендеген жоқ. Графикке қарайтын болсақ курс төмендеген соң инфляцияның да төмендей бастағанын аңғарамыз. Біз импортқа тәуелді экономикамыз. Рубль әлсіреп, теңге нығайғаннан кейін инфляция да кері кете бастады. Бір жыл бұрын рубль 9 теңге болып тұрған. Қазір 5-тен төмен түсіп кетті. 45 пайызға құлдырады. Ал Қазақстанның жалпы импортындағы Ресейдің үлесі – 35 пайыз. Отандық сөрелердің 30-50 пайызын Ресейде өндірілген өнімдер жаулап тұр. Сондықтан бұл жерде ақша-несие саясатының ешқандай қатысы жоқ. Курстың нығаюы себебінен инфляция әлсіреді.
– Базалық ставканы жоғары ұстау банктердің лоббиі деген пікір бар. Бұл сөз рас болуы мүмкін бе?
– Иә, мұнымен келісемін. Үлкен табысты солар көріп отыр. Сенбесеңіз, былтырғы банктердің таза табысын қараңыз. Кірістері 30-дан 72 пайызға дейін өскен. Неліктен? Өйткені сен мемлекеттің 16,75 пайызын ешқандай тәуекелсіз еншілеп отырсың. Сіздің картаңызда ақша бар делік, бірақ сіз оны депозитке салмайынша ешқандай пайда алып келмейді.
– Жыл соңына дейін инфляция деңгейі қаншалықты түсуі мүмкін?
– Жыл аяғына дейін инфляция 10-12 пайыз шегіне дейін төмендейді. Себебі біз нығайып жатырмыз, ал рубль құлдырап жатыр. Егер ешқандай да санкция, тағы да басқа сыртқы шоктар болмаса аталған шекке емін-еркін жете аламыз.
– Елде инфляция баяулады дейді, бірақ тауарлар мен қызметтер әлі де қымбат сияқты. Мұны әуе, теміржол билеттерін алған кезде, азық-түлік, киім алуға барған кезде анық байқаймыз. Ресми статистика мен шынайы нарықтың бір бірінен алшақ жатуы мүмкін бе?
– Бұл жерде түсініп алу керек нәрсе – біз инфляция өсімінің баяулауы туралы айтып отырмыз. Яғни, дефляция туралы емес, дезинфляция туралы. Тауарлар арзандап жатқан жоқ. Тауарлардың арзандауы дефляция деп аталады. Біздегі қазіргі процесс – дезинфляция: Бағалар өсімі қарқынының баяулауы. Сондықтан тауарлардың қымбаттауын жоққа шығара алмаймыз. Иә, олар қымбат және қымбаттап та жатыр. Тек өткен жылғыдай тым жоғары қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Сол себепті, ресми инфляция шынайы өмірден алшақ деуге келмес. Көбі «инфляция баяулады» десе, демек бағалар төмен түсуі керек деп есептейді. Алайда шын мәнінде олай емес. Біз бар болғаны төмен қарқынмен қымбаттап жатырмыз.